Жұмабек Тәшеневтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою

Интеллигенция өкілдері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабек Тәшенев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенев атындағы көшеде орналасқан мемлекет қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек:
“Жұмабек Тәшенев – қазақ жерінің тұтастығын сақтауда ерен еңбек сіңірген қайраткер. Бүгінгі гүл шоқтарын қою рәсімі – оның рухына деген құрметіміздің белгісі. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойған тұлғаның есімі мәңгі жадымызда сақталады.”
Ж.Тәшенев атындағы университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Байболов:
“Біз Жұмабек Тәшеневтің ерен еңбегін құрметтеп, оның ұлтқа деген шексіз қызметін жас ұрпаққа насихаттауды басты парызымыз деп білеміз. Бүгінгі тағзым рәсімі – оның ұлы мұрасын ұлықтаудың жарқын көрінісі.”
Бұл рәсім Жұмабек Тәшеневтің елге сіңірген еңбегін дәріптеу мен оның ұрпақ жадында сақталуына бағытталған игі дәстүрдің жалғасы болды.
 

Оқиға категориялары