"Сырдария" университетінің қарлығаштары білім ұясынан түлеп ұшты

Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан түлектер кеуделерін кернеген көңілдегі қимастық сезімдерін бүгін міне, екінші рет қайталап отыр. Бұл жолы да үлкен өмірге, баянды болашаққа, соқпағы көп сапарға аттанғалы жатқандықтарын еске салды. Жүректегі тебіреніс көзге еріксіз жас әкеліп, көңілдегі қуанышпен қоса, қорқыныш сезімі де саналарын билегендей.

Ағымдағы жылдың 19 маусым күні "Сырдария" университетінде "Бүгінгі студент – ертеңгі маман" атты бітіруші студенттермен қоштасу кеші болып өтті. Салтанатты жиынға университет басшылығы, аталмыш факультет ұжымы, ата-аналар мен түлектер қатысты.

Салтанатты жиынды университеттің ректоры Дайырбеков Серік Сансызбайұлы ашып, биыл қанаттанып шыққан қарлығаш түлектерге ақ тілегін білдірді:

"Құрметті бітіруші түлектер! Сіздер бүгін 20 жылдық тарихы бар "Сырдария" университетін аяқтап, үлкен өмірге жолдама алғалы отырсыздар. Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн, ерекше мереке. Сіздерді әрқашан ұстаздарыңызбен ата-аналарыңыздың үкілі үмітін ақтап, тамаша маман иесі болады деп сенемін. Оқу ордасында алған білімдеріңізді өмірде қолдана біліп, еңбек жолында табыстарға жетулеріңізге тілектеспін! Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын! Бәріңізге ақ жол тілеймін!" -деді.

Оқу орын басшысы жүрекжарды тілегін білдірген соң, магистрант бітіруші түлектерге қызыл дипломдарын өз қолымен табыс етті.

Салтанатты шара барысында университеттің факультет декандары барша бітіруші түлектерді айтулы күнмен құттықтап, ақ жол тілеп үздік бітіруші студенттерге дипломдарын ресми түрде табыстады.

Айта кетейік, оқу орнының 4 факультетіндегі 30-ға жуық белсенді түлекке "Үздік диплом" табысталды.

Сахнаға шығып сөз алған бітіруші түлектер ұстаздарына алғыстарын білдіріп, мұнда өткен әрбір қызықты сәттерін мәңгі есте сақтайтындықтарын айтып, білім ұяларымен қимастықпен қоштасты.

Диплом табыстау рәсімі мерекелік ән-шашуға ұласты.

Баспасөз қызметі

Оқиға категориялары