Бір кем дүние...
- 58 views
Әйгілі қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның 86 жасында дүние салуы елдің қабырғасын қайыстырды. Осыған байланысты бүгін "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының студенттері жазушыны шығарып салу рәсіміне орай қаралы шара өткізді.
Жиын бір сәттік еске алу үнсіздігімен басталды. Қт-16 тобының студенті Қосанова Ақбаян қарымды қаламгердың өмірі мен шығармашылығынан деректер келтіре отырып, баяндама жасады. Шерхан Мұртазаның журналистика мен әдебиеттанудағы, мемлекеттік қызметтегі орны туралы бейнебаян көрсетілді. "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының студенттері Құлша Аллаберген, Анарбек Ұлжалғас жазушының "Ай мен Айша" шығармасынан көрініс сомдады.
Факультет деканы, п.ғ.к., доцент Н.Б.Шегенбаев, "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасының меңгерушісі PhD доктор М.А.Нұрбек жазушының шығармашылығының ерекшеліктеріне тоқтап, мемлекеттік саясатта тіл мәселесіне айрықша үн қосқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге жастар жазушы туралы ой-толғаныстарын жеткізді.
Орны толмас қайғыға ортақтасқан студенттер, жазушының өзі өлсе де, сөзі өлмейтінін көңілдеріне түйген. Сондықтан да тау тұлға арамыздан кетсе де, оның артында өркен жайып келе жатқан жас ұрпақ бар. Жазушы мұрасы бізге аманат.
Расында, ғасырда бір туатын мұндай тұлғаларды қимайсың... Амал нешік... Бір кем дүние...