Жаңартылған оқу бағдарламасы – бүгінгі білімнің жаршысы
- 67 views
Еліміздегі білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында ұлтымыздың болашағына тірек болар азаматтардың білім деңгейі жоғары, ой өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді басты фактор ретінде қарастырып отыр. Осыған орай, "Өрлеу" БАҰО" АҚ Республикамыздың педагог кадрларының біліктілігін жүйелі түрде арттырып келеді.
2019 жылдың 8-19 қаңтар аралығында "Сырдария" университетінің бірқатар профессор-оқытушылар құрамы "Өрлеу" БАҰО" АҚ ұйымдастыруымен "Жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы жоғары оқу орындарындағы заманауи педагогикалық технологиялар" тақырыбында жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтар оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курсынан өтті. Аталған орталықтың білікті маманы Байқоныс Ануар Жарылқасынұлы тренерлік еткен 72 сағаттық курсқа 25 профессор-оқытушы құрамы қатысып, кәсіби білімдерін жаңа технологиялармен толықтырып, бәсекеге қабілетті маман даярлаудың заманауи бағыт-бағдары мен үлгісін қалыптастырды.
Курста қамтылған басты мәселелер: Жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктері мен артықшылықтары, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар, интербелсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, Топтық жұмыс, Рефлексия мен кері байланыс, Бағалаудың өлшемдік технологиялары, Сын тұрғысынан ойлау технологиялары, Блум таксаномиясы, Сабақ құрылымы және сабақ жоспарлау ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар), ОМЖ (орта мерзімді жоспар) құру т.б. тақырыптарды қамтыды.
Курс педагогтарға жаңа леп, тың идеялар ұсынды. Заманауи білім беру кеңістігінде білім алушыларға күнделікті жаңа бағдарламалар мен әдістерді ұсыну, оларға дайын білімді беріп қоймай өздігінен ізденуге шақыру бүгінгі білім берудің басты мақсаты. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңарулар, ең алдымен, жастардың мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуда. Әр педагогтің кәсіби шеберлігі жоғары болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады.