Сыбайластықтың жат әдет екені түсіндірілді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы, құқық магистрі Жазира Әлжанова университетімізде болып, студенттермен кездесті. 
Алғашқы сөзді алған университетіміздің бірінші проректоры Фарида Байнеева сыбайлас жемқорлық тақырыбы барлық салада да қашанда өзекті екенін жеткізді. 
«Экономика және құқық», «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының студенттерімен кездесу еркін форматта, ашық әңгіме түрінде өтті. Агенттік өкілі сыбайластық туралы әңгімені әріден қалай, неден бастау алатынын ерекше тәсілмен студенттерге сұрақ қою арқылы түсіндірді. Баяндама түрінде емес, еркін форматтағы бұл жиынның жастарға берері көп екенін де жеткізді. «Сіздер еліміздің ертеңісіздер. Сондықтан біздің болашағымыз жарқын, айнадай таза болуы үшін құқықтық сауатты болуларыңыз керек. Құқықтық сауаты жоғары адам сыйлық беруге, алуға әуес болмайды»,--деген Жазира Салханқызы сыбайластық орын алған жағдайда қайда хабарласу керектігін, әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар көлемін де түсіндірді. Құқық бұзушылықта ұсақ-түйек деген болмайды, кез-келген әрекетте заң шеңберінде әрекет етілуі керектігі айтылды.