Сырдария университетінің мұражайы тарих сахнасында

Еліміздің еңселі оғландары ұлтымыздың қадір-қасиетін тіктеп, талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, алдыңғы аға буын өкілдерінің өсиет еткен аманатын орындап, бар болысты біріктіріп, елдігіміздің мызғымас айғағы көк байрағымызды көкке көтеріп, Қазақ елі қайта тіктелгені жайлы жаһанға жар салған уақыт. 
Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев минутты әрбір бағалап, секундты әрбір саралап, біріге қалса, басы барды идірер, тізесі барды бүктірер, жел қайыстырар құдыреті күшті халқымен бірігіп, ұлт намысы, болашақ қамы үшін тәуелсіздікті тұғырлы шебіне жеткізу жолында бір тән, бір жан болып білек сыбана кірісе бастады.
Ел басшысы жанына ел жақсыларын жинап, ел ертеңін тіктеу мақсатында, тарихи сананы қайта жаңғыртып, ұлтымыздың өсіп-өркендеуі, даму болашағы үшін үлкен үлес қосар бірнеше жарғыларын жариялады. Қазақ елінің әлеуетіне жасалған әрбір жарғы көп ұзамай оңды нәтижесін көрсете бастады. Жасалған жарғылар нәтижесі ұлтымыздың қанша уақыт өтсе де, рухани жұтаңдықтан сақтап қалар қалқаны мен ұлт мақтанышы болары ақиқат еді. Сондай жарғылардың бірі тұңғыш елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасының жобасында көрініс тапты. Жоба аясында рухы биік ел ардақтылары бүкіл елді аралап, тарихи маңызы мол саяхатқа жол тартты. Ел тарихын жаңғырту жолындағы құндылығы жоғары зерттеу жұмыстары Мырзашөл өңірі мен төңірегіндегі ортағасырлық қалалар мен отырықшы елді-мекендер, әз-әулиелердің кесенелері мен тарихи орындары да қарастырыла бастады. Осы орайда тарихи жадымыздың қайта жаңғыруына орасан зор үлес қосқан ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының ашылуы болды. Бұл тарихи оқиға өзінің ұлтжанды азамат екендігін көрсетіп, кеудесінде отансүйгіштік пен патриоттық сезімін оята білген ұлы тұлғалар арқасында жүзеге асты. Нақтырақ айтар болсақ, ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде бұл ортағасырлық қалаға алғаш назар аударып, зерттеуді қолға алған Түркістан облысының Жетісай ауданында орналасқан «Сырдария» университеті «Отан және шетел тарихы» кафедрасының профессор-оқытушылары С.Н. Апашева мен М.Б.Мейірбековтің үндеуімен ортағасырлық Үтіртөбе қаласына университет тарапынан қаржы бөлініп және кәсіби археолог мамандар шақырылып, археологиялық зерттеулер жүргізіле бастады.
Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көз қуантарлық құнды жәдігерлер (жебе ұшы, найза ұшы, көзе, құмыралар т.б) еліміздің тарихы тым тереңде жатқандығының бұлтартпас айғағы ретінде «Сырдария» университетінің мұражайында сақтаулы тұр. Ел тарихымен жақыннан танысқысы келген кез келген ұлтжанды азамат шалғай жатқан аудан жастарын жоғары біліммен қамтамасыз етіп отырған «Сырдария» университетіне келіп тарих қойнауында жатқан сырлардан хабардар болып қайта алады. Дегенмен «мың рет естігеннен, бір рет көрген жақсы» дегендей қазба жұмыстары барысында құнды жәдігерлерді тапқан кездегі қуанышты ләззатты тек археологиялық экпедицияға қатысушылар ғана өте әсерлі сезіне алады. Сонымен қоса қазба жұмыстары барысында профессор-оқытушылар тарихи, қызықты оқиғалар жайында баяндап, әр өткен уақытты текке жібермеуге тырысады. Тағылымды тәрбие мен білімді жастардың санасына жайластыру жолындағы ерен еңбегі үшін ұлағатты ұстаздарға мың алғыс айтқым келеді. Білімді де, білікті профессор-оқытушылардан өздеріне керегін санасына сіңдіре алған білім алушылар кемел болашақ құру жолында мықты баспалдақ болары сөзсіз.
 

Теги: