Аяшев Оңалбай Аяшұлы ҚР ҰҒА академигі атағын алды

АЯШЕВ ОҢАЛБАЙ

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жарғысы мен Төралқа шешіміне сәйкес, 2020 жыл 26 маусымда ҚР ҰҒА Жалпы жиналыс сессиясында  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері мен толық мүшелерінің (академик) кезекті сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Аяшев Оңалбай академик атағын алды.

Аяшев Оңалбай Аяшұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында  дүниеге келді. 1967 жылы  Қапланбек зоовет техникумын, 1971 жылы Шымкент педагогикалық институтын үздік дипломмен бітірген. 1971 жылдан Шымкент педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан,  проректор қызметтерін атқарған.

1983 жылы Мәскеуде аспирантураны бітіріп, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаса, 1991 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогика институтының докторантурасын бітіріп, «Болашақ мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін қалыптастыру» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

Аяшев Оңалбай 1992-1996 жылдары Шымкент педагогика институтының, кейіннен Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімі оқу-тәрбие жұмыстарының проректоры, вице-президентінің бірінші орынбасары, М.О.Әуезов атындағы педагогика институтының директоры қызметтерін атқарды.

1996-2000 жылдары ХҚТУ Жетісай бөлімшесінің директоры, мемлекеттік емес “Сырдария” жоғары колледжінің ректоры болды. 2000-2004 жылдары  “Сырдария” университетінің Президенті қызметін атқарды.

2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ  «СК Астана» бірлескен қорының Бас директорының орынбасары болып істеді.

О.Аяшевтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде  2011 жылы 70 жылдық тарихы бар Шымкент педагогикалық институты қайта қалыпқа келтіріліп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ретінде бой түзеді.   Аталмыш институттың ректоры қызметін  2011-2019 жылға дейін атқарды. Сол жылдар арасында  институтты  университетке жеткізіп,  бірнеше мамандықтар және магистратура, докторантура бөлімдерін ашты.

Ол көптеген ғылым кандидаттарын және ғылым докторларын дайындады. 110 ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде монография және оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. «Президенттің назары» (2008ж.), «Елбасы» (2010 ж.), «Тәуелсіздік» 2011ж.) және «Елбасы сүйген Оңтүстік» (2011ж.) кітаптарының авторы.

О.Аяшев – Халықаралық педагогика ғылымдарының, Еуразия экономика ғылымдары академиясының толық мүшесі, Лондон университеті Кингс колледжінің және Мәскеу Мемлекеттік педагогикалық Университетінің тұрақты лекторы және ҚР туризм және спорт академиясының «Құрметті профессоры». ОБСЕ Азия бөлімінің білімді тұрақты дамыту комиссиясының  төрағасы болды. Қазақстан Республикасының білім озаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. О.Аяшев «Құрмет» ордені, ҚР Президентінің Алғыс хаты, «Білім беру қызметіндегі үздік еңбегі үшін», «Білім беру құрметті қызметкері» медальдары, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Парламентіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

О.Аяшев - Оңтүстік Қазақстан облысының 2003 жылғы «Ең үздік ғалымы»,  Мақтаарал ауданының «Құрметті азаматы», классикалық күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткер.

             Құрметті  Оңалбай Аяшұлы, Сізді  ҚР ҰҒА академигі атағын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! 

Мақтарал өңірінің халқы, «Сырдария» университетінің ұжымы  Сізді  мақтан тұтады. Ел болашағы мен Отанымызды көркейту жолындағы педагогикалық қызметіңіз бен қоғам қайраткері ретінде  еңбегіңізге  абырой, мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілейміз!

Оқиға категориялары