Халықаралық конференцияға шетелдік ғалымдар жиналды

Шымкентте даңқты қолбасшы, ғажайып ғұлама ақын, қоғам қайраткері, әлемге танымал Орта Азия халықтарына ортақ құнды мұра «Бабырнаме» тарихи шығармасының авторы, моғол империясының негізін қалаушы, Захриддин Мұхаммеджан Бабурдың 540 жылдығына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
«Захриддин Мұхаммеджан Бабурдың шығармашылығы және әлем мәдениеті» тақырыбында өткен конференция Tashenev University мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР өзбек этно-мәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында болған басқосуға Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен бірнеше делегация келді. Ал, Египет, Түркия, Үндістан еліндегі жоғары оқу орындарының профессор, ғалымдары онлайн қатысып отырды. 
Конференция әдеби қойылымдармен басталып, қонақтардың құттықтау сөзіне ұласты. Одан соң, жиын Қазақстаннан және шетелдерден келген профессор-ғалымдар ұлы ойшыл туралы, оның еңбектері мен қайраткерлігіне тоқталған пленарлық отырысқа жалғасты. Университетіміздің ғалым хатшысы Л. Әбенова «Ат жалындағы өркениет» және «Бабыр шығармашылығы» атты баяндама оқыды. 
«5 ғасыр бұрын өмір сүрсе де оның «Бабырнаме» тарихи шығармасы әлі күнге дейін әлемді таңдандырып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен, шет мемлекеттерден жиналған осынау делегация қазақ-өзбек, жалпы түрік халықтарына ортақ қазынамыз болып отырған қоғам қайраткерінің, ғұлама ақынның 540 жылдығына орай оның шығармашылығын дәріптеу, есімін ел есінде сақтау мақсатында жиналып отыр. Бұл басқосу түркі тілдес халықтардың бірлігін одан әрі нығайта түспек»,--деді Tashenev University Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Шахло Наралиева.
 

Оқиға категориялары