Түлектер университетімізге жолдама алды

Жуырда Tashenev Universiy мен ҚР өзбек этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының бірлесе ұйымдастыруымен Түркістан облысы және Шымкент қаласының өзбек тілінде білім беретін жалпы білім беру мекемелеренің түлектері «Ана тілім – асыл қазынам» атты өзбек тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде бас қосты.
Іс-шара оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп патриоттық рухта тәрбиелеу және дарынды оқушыларды университетіміздің «Өзбек тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығына тарту мақсатында ұйымдастырылды. Олимпиаданы ҚР ӨЭМБ «Достық» қауымдастығының төрағасы И.Хошимжанов пен Tashenev Universiy зерттеу және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ш.Арзымбетова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал, Өзбекстан Республикасындағы, Мәскеудегі және Түркия мемлекетіндегі бірнеше жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары байқауды сырттай бақылап отырды. Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Р.Сайфуллаева қазақстандық жастардың ана тілі мен әдебиеті бойынша алған білімі, дағдыларының деңгейі жоғары екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, тапсырмалардың дұрыс, сапалы құрастырылғандығы, ауызша тапсырмаларда оқушылардың шешендік өнерін толық көрсетуге мүмкіндік қарастырылғанын да жеткізді. 
Байқауда қалалық, аудандық кезеңдерден озық шыққан бітіруші сынып оқушыларының өзара пікірлесу қабілеті, жазбаша сауаттылығы, көркем мәтінді талғау және оқу шеберлігі сараланды. Олимпиада қорытындысымен Қазығұрт ауданы Ш.Қалдаяқов атындағы ЖОМ оқушысы Дилафруз Баходирова бас жүлдені иеленсе, 1-орынды Сайрам ауданы, М.Қашғари атындағы №26 ЖОМ оқушысы Дилдора Юлдашева мен Кентау қаласы, М.Қашғари атындағы мектеп-лицейі оқушысы Нигора Саидова бөлісті. Қатысушылардың барлығы да марапатсыз қалған жоқ. Одан бөлек, белсенді жастар университетімізге жолдама алды.