Желтоқсан – тәуелсіздік шежіресі

Үстіміздегі жылдың 14-желтоқсанында бабаларымыздың асқақ рухы алдында, жан алысып, жан беріскен аманатына тағы бір тағзым ететін тарихи күн тойланды. "Гуманитарлық білім" факультеті мұрындық болған "Желтоқсан – тәуелсіздік шежіресі" атты тарихи-танымдық кеш тарихтың тереңіне қозғау салды.

Факультет мамандықтарының студент-жастары белсене қатысқан тәуелсіздік толғауы ертегі-аңыздарды, әңгімені, тарихты өскелең ұрпаққа насихаттайтын әженің тілінде сөйлетілді. Кейіпкер тілінде өрілген тарихтың бастуы көне сақ заманынан күні бүгінге дейінгі тарихи кезеңдері студенттердің қойылымдарымен сахналанды.

Көне дүниеде өздерінің ержүрек батырлығымен, еркіндік, азаттық сүйгіштігімен даңқы шыққан түпкі бабаларымыз сақтар сол уақытта жауларын ерлікпен тойтарғандығы, Тұмар патшайымның батырлығы "Сақтар" биімен иректелсе, Ұлы Ғұн мемлекетін құрған Мөде бабамыздың Қытай империясының өзін тізе бүктіртіп, алым-салық төлетіп, ұлы қорған салуға мәжбүр еткізген тарихи ерліктері сахнада көрініс тапты.

Көне түркі заманының тарихи таңбасына негіз болған Күлтегін, Тоныкөктің ерлік жырлары айтылса, ал "Батырлар" биі сол дәуірдің жауынгерлік қасиеттерін бейнелеген өрнекті көрінісі болды.

Ислам дінінің таралуымен байланысты дәуірдегі түркілік ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Фирдоуси туындыларынан үзінділер тыңдалды. Еліне жерұйық іздеген Желмаялы Асан Қайғының толғауы толғанып, Қазақ хандығының іргетасын қалаған Жәнібек пен Керейдің ел болып қалыптсаудағы шежірелері шертілді. Мемлекет болып қалыптасқан елдің әділдігін ту еткен билердің баталы қойылымы тарих шежіресін толықтыра түсті. Іргесі бекіген елге келген ақтабан шұбырынды кезеңінің зарлы көрінісі көрермендердің көзіне еріксіз жас үйірді.

Қазақ елінің шамшырағына айналған Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, алаштың арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының қанатты сөздері мен отты өлеңдері оқылды. Патриотизмнің символына айналған Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі отты ойларын Қарақұл Ердәулет көрерменге жеткізе білді.

Шаттыққа толы билер мен қазақ әндері орындалды. Тарихи кештің соңында "Қазағым-ай" әні "Қазақстан студенттер сарайын" әуеледі.

Адамзат дамуын алға жылжытқан тарихи ұлы кезеңдердің көрінісі тәуелсіздіктің жиырма алтыншы толғауында жаңғыртылып, ертеңгі ұрпаққа аманат екені тағы да дәйектеле түсті.