Университетімізде сайлауалды түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Мамыр айының 14-жұлдызында университетіміздің сайлауалды түсіндірме жұмыстарына байланысты өткізілген жиында оқу орнының ұстаздары "Nur Otan" партиясының атынан ұсынылған кандидатты алдағы 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына лайықты үміткер деп санайды. Сонымен қатар, университет ұжымы халықты сайлау науқанына белсенді түрде атсалысуға шақырды. Өйткені дұрыс әрі лайықты таңдау жасау мемлекеттің тұрақты дамуына негіз болады. 

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы – өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық аренада өзіне лайықты орын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Егемендік жылдары қол жеткізген табыстарды еселей түсу мақсатында осы науқанды жедел түрде өткізіп алуымыз керек. Бұл – барша отандастарымыз үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жауапкершілікті терең сезіне білу баршамыздың парызымыз, – дейді университет ұжымы. 

Сондай-ақ олар бас партия атынан саяси додаға жолдама алған Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтындарын жеткізді.

– Біз Қасым-Жомарт Кемелұлын 30 жылға жуық уақыттан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серіктесі, саяси шәкірті ретінде білеміз. Ол Елбасымен бірге осы мемлекеттің іргетасын нықтауға өз үлесін қосты. Сондықтан да мемлекеттің негізін қалаған тұлғаның еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті саясаткерге Қазақ елінің тағдырын сеніп тапсырғаны – мемлекет болашағының бағдарын айқындап бергені деп түсінеміз. Бір бұл ғана емес. Тоқаев әлемдік саясат сахнасында да өзіндік дара орны бар, дипломатияның қыр-сырын терең меңгерген тұлға. Бұл қасиеттер Қазақстанның бүгінгі абыройын асқақтатып, беделін одан әрмен көтеруге ықпал етеді, – деп университеттің Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры М.Нұрбек тілге тиек етті.