Халықаралық ынтымақтастықты нығайту

БАУЫРЛАС ЕЛДЕР, ӘРІПТЕС УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЫҒАЮДА

Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту, академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасау; 2023 жылы түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы ЖОО арасында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте бакалавриат және магистратура бойынша «Өзбек тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» БББ негізінде мамандар даярланатынын мақтанышпен айта аламыз. Осыған орай, Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет пен Әлишер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті ортасында қол қойылған екі жақты ынтымақтастық меморандумы негізінде ағымдағы жылдың күзгі семестрінде Тәшенев университетінің 2-курс бакалавр студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдап жатқан болса, келесі оқу жылына қос дипломды білім беру бағдарламасына сәйкес «Өзбек тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» магистратура БББ бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Қазақстандық жоғары білімнің халықаралық білім кеңістігіне интеграциялануының басым бағыттарының бірі сөзсіз қос дипломды білім беру болып табылады. Сол себепті, 2024 жылдың 5 қантар күні іссапар барысында Академиялық ұтқырлық бөлімінің басшысы Шахло Наралиева әріптес университет ректоры филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Шуһрат Самариддинович Сирожиддинов және Халықаралық қатынастар істері жөніндегі проректор Нозлия Зариловна Нормуродовамен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру перспективалары туралы келіссөздер жүргізіп, бірқатар жоспарлар талқыланып, қадамдар нақтылап алынды. Келешекте өзбекстандық серіктес ЖОО-ның пәндері қазақстандық білім беру стандартының пәндерімен үйлестіріліп, екі университеттің магистранттарына 2 дипломға ие болу мүмкіндігі беріледі.

Кездесу барысында тағы бір өте маңызды мәселе төңірегінде сұхбат мазмұнды жалғасын тапты. Әріптес университет басшысы ұжымды, оқу ордасын шебер басқарып қана қоймай, ғылымды дамытуда аянбай еңбек ететін науаитанушы ғалым. Шуһрат Самариддиновичтің 2023 жылы жарық көрген түркі халықтардың мақтанышы – ақын-жазушы, ойшыл, ғұлама Әлишер Науаидың өмірбаяны туралы мәліметтер ғасырлар бойы келе жатқан дауларға үзілді-кесілді жауабын беретін кітап – «Әмір Әлишер» атты кітабы бірнеше түркі тілдерге аударылып үлгеріпті. Бұл рухани қазынадан қазақ білім алушылары да ана тілінде хабардар болса, нұр үстіне нұр болатыны анық. Сол тұрғыда пікірлер алмасынып, жоспарлар нақтылап алынды.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің 25 жылдығы аясында Әлишер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетімен жүзеге асырылып жатқан бауырлас елдердің ғылыми, мәдени-рухани жақындасуына, өзбек-қазақ халықтарының ынмақтастығы, халықаралық тәжірибе, серіктес университеттердің жетекші оқытушыларының прогрессивті білімдерін игеру, әріптестікті дамытуға бағытталған ісшаралардан екі тараптың да алатыны мол екені, сөзсіз.