ТУҒАН КҮНГЕ ТАРТУ

27 мамыр - әйгілі түрколог, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың туған күні.

Осыған орай ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің заңғар тұлғасы» атты мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековпен онлайн кездесу өтті.

Мырзатай Жолдасбеков саналы ғұмырында халықтың бар қуанышы мен сүйінішін бірге көрді. Көргені мен білгенін, көңіліне түйгенін қалың оқырманына жеткізіп жүрген тұлға.

Кездесуді түркітанушы ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, менің ұстазым Шәкір Ыбрай жүргізіп отырды. Кездесуде Қазақстанның Туркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы Мырзатай ағаны туған күнімен құттықтап, ұстазға деген ыстық лебізі мен ілтипатын жеткізді. Сонымен бірге кездесуге Оңтүстік өңірінің ЖОО студенттері және «Сырдария» университетінің оқытушы-проофессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Онлайн кездесудің бағдарламасы бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, филология факультетінің деканы Ыбырайым Әзімхан Оразбайұлы мен «Сырдария» университетінің Ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) м.а. Абенова Ләззат Усманқызы ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылық жолына, ғалым, қайраткер ретінде қалыптасу, кемелдену кезеңдеріне тоқталып, ғылыми еңбектерінің мәні мен маңызы жайында тұщымды ой өрбітті.

Студенттер сұрақтар қойып,
жан-жақты мазмұнды, салмақты, салиқалы жауаптар алды. Кездесу барысында әнші, күйші, өнертанушы тұлғалар ән мен күйден шашу шашты.

Қажырлы еңбегі мен ғылымға деген құштарлығының арқасында абырой биігіне көтерілген Мырзатай Жолдасбековтың өмірі, еңбектері, шығармалары «Сырдария» университетінің оқытушылар құрамы мен «Филология және гуманитарлық білім» факультетінің студенттеріне үлгі, ұрпаққа өнеге.