Студенттер салық пәні бойынша практикалық білім алды

Ташенев атындағы университеттің «Экономика және құқық» кафедрасында «Қазақстан Республикасының салық құқығы» пәні бойынша Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Н.Құмарбековпен кездесу өтті. Кездесуді аға оқытушы, заң ғылымдарының магистрі А.Елибаева ұйымдастырды. Жиын спикері студенттерге мемлекеттік органның халықтың құқықтық мәдениетін арттырудағы тәжірибесі, салық төлеушілерге арналған түрлі науқандар туралы хабардар етіп, экономикалық қызметке қатысушыларға қолданылатын арнаулы салық режимдері туралы жан-жақты айтып берді. Мемлекеттік кірістер органының өкілі кәсіпкерлердің жауапкершілігі мен салық есептілігін мобильді қосымшалар арқылы тапсыру мүмкіндіктеріне де тоқталды.
Кездесуге 6В04201 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 2, 3, 4 курс студенттері қатысты. Студенттер мемлекеттік кірістер департаментінің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы маңызды ақпаратты үлкен қызығушылықпен тыңдады, кездесу барысында қарастырылып отырған тақырып бойынша белсенді түрде сұрақтар қойды.
Университет басшылығы университетте оқытылатын мамандықтар бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық мекемелердің өкілдерімен осындай тәжірибелік кездесулер өткізуді нақты міндет етіп қойды.
 

Оқиға категориялары