РУХАНИ ҚАЛҚАН!

Тұла бойыңда рухани қалқан болмаса, кім көрінген жан дүниеңді тілгілеп, жарақат салып кетуге бәріде дайын секілді.

Елдің сөзіне еңсеміз түсіп, жігеріміздің құм болуы, рухани қалқанымыздың жоқтығынан екендігі анық аңғарылады. 

Өмір жолымызда кездесер барша қиыншылықтар мен сынақтарға тап болғанымызда, жауға қалқансыз шыққан батырдай сасқалақтап, жаудың соққыларын қайтарар күш таппай қалып жататынымыз бар. Сондықтан да өмір сүру үшін өмір майданына сапар шеккен соң, шегінерге жол жоқ. Ендеше тек алға басу үшін рухани қалқан мен қару қажет. Біздің осы бір майданда қиыншылықтар мен сынақтарға жұтылып, өздігімізді таппай қалып жататынымыз да, рухани әлеміміздің таяздығы мен әлсіздігінен болып отыр.

Бұл майданда түрлі қарсылас, түрліше соққы береді. Біреуі мақтап берсе, біреуі даттап береді, ал біреулері жамандаса, біреулері көре алмай қызғаншақтықпен соққылайды. Бұл соққыларға төтеп беріп, сол бір сәттерден алып шығатын адамның рухани күші ғана. Белгілі психоаналитик В. Франкл "Адам өмірден сыртқы соққыдан емес, ішкі бостықтан түңіледі" - дегені сөзіміздің мәнін аша түседі. Адамның ішкі әлеміндегі бостық рухани қазыналармен толықпаса, оның орны өкпе, реніш, ыза, кек, қызғаныш, көреалмаушылық т.б. көптеген адамды қор қылар қоқыстармен толығады. Толған қоқыс үйілген сайын сасыйды, оның бір шетіне от түссе бықсып жанады, ол иіс, айналадағылардың мазасын алып, көңіл күйін бұзады, одан алшақ кетеді. Біздің өмірдегі басты қорлығымыз адамдардың бізден алшақ жүріп, жерініп, жалғыз қалуымызда болса керек. Аталған күйден қалай шығамыз? Сол күйге түспеу үшін не істейміз? Ішкі бостықты рухани қазынамен қалай толтырамыз?- дейтін болсақ, ең әуелі бойдағы нәпсіні жеңуіміз керек екен. Адам рухы нәпсіге жеңілген сайын, өмірде кезігер соққыларға дәрменсіз, қауқарсыз келіп, жануарлардың деңгейіне түсіп кететіндігін Шәкәрім атамыздың:

Нәпсі дер рухсыз жандарды,
Мейлі адам, мейлі аңдарды- деген сырлы сөзінен анық аңғаруға болады. 

Демек рухани қалқанымыздың жуан, мұғал болып, кез келген теріс пиғылды соққыны бойға дарытпай, қайтарып жіберетін күшке ие болу үшін ең әуелі нәпсімізді жеңуіміз қажет деген қорытынды жасауымызға болады. 

Автор: Нұржан Сапарханұлы
 


 

Жаңа пікірді жазу

Ограниченный HTML

  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a href hreflang> <em> <strong> <cite> <blockquote cite> <code> <ul type> <ol start type> <li> <dl> <dt> <dd> <h2 id> <h3 id> <h4 id> <h5 id> <h6 id>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.
  • Web page addresses and email addresses turn into links automatically.