Тәшеневті танисыз ба?

«Тау тұлғалы Тәшенев есімі университет ұжымының әрбір мүшесіне және осында білім алатын студенттер мен магистранттарға үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктейді», дейді университеттің Ғалым хатшысы Ләззат Абенова. 

Тәшеневтің ұлт зиялыларына деген қамқорлығы - орасан. 1956 жылы партияның 20-съезінде сталиндік репрессия құрбандарын ақтау туралы маңызды мәселе көтерілді. Сонау қасіретті 1937 жылдың қақпанына түскен ұлт арыстарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағалығына Жұмабек Тәшенев сайланады. Сол тұста жазықсыз атылып кеткен арыстарымыз ақтала бастады. Бұл ұлт рухын оятқан үлкен оқиға еді. Қазақ халқына Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің есімі қайтарылды. «Шұғаның белгісі», «Көкшетау», «Құлагер» сынды әдебиет жауһарлары қайта басылды.
Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Ысмайылов, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Мұхамеджан Қаратаев секілді қамауда отырған ұлттық интеллигенция өкілдері бостандыққа шықты. Сондай-ақ сол уақыттан кейін ұлт зиялыларының тұрмысына көңіл бөліне бастаған. 1960 жылы Алматының дәл ортасында салынған 121 пәтер өнер адамдары мен ұлт қайраткерлеріне берілді. «Көп әртіс, жазушы, зиялылар сол кезде пәтерсіз жүрді. Жазушылар одағына тізім жасауды тапсырған. Қазіргі Қабанбай батыр мен Қонаев көшесі қиылысында салынған үйді түгелдей қазақ зиялыларына берген. Әрине, «қазақтарға пәтер берді» деп соңынан арыз жазғандар да болды. Бұл мәселе дауға да ұласқан», - дейді Тәшеневтің ұлы.
 

Оқиға категориялары