Университетіміздің студенттері "Жас ұрпақтың жаһандық көзқарасы" І форумына қатысты

Ағымдағы жылдың 18 сәуірінде Түркістан өңірінде алғаш рет Республикалық "Жас ұрпақтың жаһандық көзқарасы" бірінші ауқымды форумы болып өтті.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам делегаттар және Қазақстанның 30-дан астам беделді спикерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, Қазақстанның балалар үйлерінің түлектері, үкіметтік емес ұйымдардан және ата-аналар қауымдастығы мен еліміздің жан-жағынан келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты. "Сырдария" университетінің студенттері Ү.Досан, С.Нұрқазиева, А.Данияр, Қ.Бегалы да форумға қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жастардың кәсіби интеграциясы, жастар арасында проблемалық мәселелерді іздеу және шешу, жас өскелең ұрпақтың бойына адалдық пен парасаттылық саясатын қалыптастыру.

Жиын мінберінен Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Отарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Альтаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Департамент директоры И.Үйсімбаев, ҚР Қаржы вице-министрі Е.С.Енсебаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінен Д.Н.Даулетова мен "Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы" ЗТБ төрайымы А.Соловьева сөйледі.

Шара барысында еліміздің жан - жағынан келген тәжірибелі спикерлер, "Қазақстанның цифрлық болашағы", "Парасаттылық қағидасы", "Сана мен таза қоршаған орта", "Жаңа экономика жастар көзқарасымен" және "Ерте кәсіби бағдар беру және ақпараттандырылған таңдау" тақырыбында сессия өткізіп, арнайы дәрістер оқыды. Соның ішінде "Парасаттылық қағидасы" атты сессиясында "Адалдық алаңы" жобалық офистердің делегаттары, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасы техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері қатысушы ретінде ашық пікірлерімен өздерінің белсенділіктерін танытты. Атап айтқанда "Сырдария" университетінің студенті, спикер Досан Үкілімай студенттік жастар арасында адалдық қағидаттарын дамыту жайлы айтып өтті.

Қорыта айтқанда Форум арқылы жастар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, өздерінің жаңашыл идеяларын ортаға салуға мүмкіндік алды. Биыл Түркістан өңірінен бастау алған алғашқы форум дәстүрлі және жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін болады.