"Сырдария" университетінің мақтанышы

"Сырдария" университетінің алғашқы жылдарында бізге Қытай, Монғолия мемлекеттерінен қандастарымыз университеттің барлық мамандықтарына көптеп келіп, оқуға түсіп жатты. 
Өзім қызмет істейтін өнер факультеті, музыкалық білім мамандығына 10-ға жуық студенттер оқып, келісім шарт бойынша бір жылдан кейін өзге университеттерге ауысып жатты.

Шынымды айтсам, сол келіп жатқан балалар мен қыздардың өнер, білімге деген құштарлықтары өзімізбен салыстырғанда өте басым екендігі айқын білініп тұратын. Солардың ішінде қазіргі кезде Фейсбук парақшасында күнделікті пост жариялап, көрермен оқырмандардың көз айымына айналып отырған Айсәуле Бейсенқызына бір сәт тоқталғым келеді.

Айсәуле мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ Қазақстанға келіп, ақындар сайысына қатысып, атақты ақын Қадыр Мырзалиев пен айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың батасын алып үлгерген.
Бізде оқыған бір жылдың ішінде үлгілі оқумен қатар университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласты.
Өзінің алғашқы жыр жинағын осы Жетісайда жазып, кітапшасының тұсау кесері мен жеке шығармашылық кеші осы Сырдария университетінің студенттер сарайында Университеттің құрылтайшысы Есенкүл Сейілқызының тікелей басшылығында үлкен табыспен өтті.
Айсәуле бұл күндері қазақ радиосында көпшілікке танымал "Шіркін-ай" бағдарламасында жетекшілік қызмет атқарады.
Сырдария университетінде бір жыл оқып кетсе де, біз әлі күнге дейін осы Айсәулемен мақтанамыз және оны мақтан тұтамыз.