Бар жағдай студенттерге...

Өздеріңізге белгілі, жуырда университетіміз үшінші мегаполистің орталығы Қонаев даңғылына көшіп келді. Шымкент қаласының кіндігінде орналасқан ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Білім алушылар үшін барлық жағдайы жасалған оқу орнына қаладағы мектеп бітіруші түлектер келіп, университеттің материалдық базасымен, профессор-оқытушы құраммен танысып жатыр. 
Оқу ғимаратымен танысу барысында университеттің оқу әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Фарида Байнеева мен әлеуметтік жұмыс және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсын оқу орнының базасы және өзге жекеменшік университеттерден ерекшелігі, әлеуеті жөнінде атап өтті. «Tashenev University алдағы 5 жылға даму стратегиясын құрған, Жаңа Қазақстандағы жаңашыл оқу орны. Оқу орны басшылығының басты талабы – бірінші кезекте білім алушыларға жағдай жасау. Университет шетелдік беделді оқу орындарымен ынтымақтастық арттырған. Жақында әлемдегі ең беделді 99 мың студенті бар Грецияның Афины ұлттық университетімен келісім шартқа отырдық. Одан бөлек, Иерусалимдегі ауылшарушалығы саласы бойынша білім беретін ең үлкен жоғары оқу орнымен де байланыс арттырғанбыз. Қос диплом алғысы келетін студенттер үшін тіл үйрететін тегін курстар ашу жоспарлануда. Олар осында тіл меңгеріп, шетелге оқуға кетеді. Осылайша біздің және шетелдегі оқу орынының дипломына ие болады», деді Фарида Тұрғынбайқызы. 
2 оқу корпусымен, 1200 орынға арналған жатақханамен қамтылған оқу орнында 41-ден аса мамандық түрлері бар. 
Қаладағы №3,11,12,13,52,107,109 және 104 жалпы білім беретін оқу орындарының 100-ге жуық түлегі оқу ғимаратындағы аудиторияларды, материалдық базаны көрді. Осылайша 15-19 мамыр аралығында қала мектептерін бітіруші түлектер Университетте өтетін «Ашық есік» күніне қатысатын болады.
 

Оқиға категориялары