Шынайы махаббат символы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу

Бүгін міне, ұлттық құндылықтарымызды, қазақи салт-дәстүрімізді жаңғыртатын, сертінде тұруды, махаббатқа адал болуды үйрететін, нағыз махаббат қаһармандарын жастар арасында дәріптеу мақсатында 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні тойлануда. 
Тарихымызға үңілсек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – қазақ халқының лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері. 
Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулай жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.
Қос ғашық дүниеқоңыздық пен көре алмаушылықтың құрбаны болып, өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Сондықтан да ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген, сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті.