БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫ

УНИВЕРСИТЕТТЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫ ӨТТІ
Бүгін Жұмабек Тәшенев атындағы университетінде оқытушы-профессорлық құрамға арналған «Заманауи оқыту технологиялары» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстары сәтті аяқталды. Курс 72 академиялық сағатқа созылып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың цифрлық білім беру құралдарын меңгеруіне және инновациялық оқыту әдістерін тәжірибеде қолдануына бағытталды. Бағдарлама аясында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын білім беру процесінде қолдану, интерактивті оқыту әдістері, студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамыту және цифрлық платформалар арқылы білім беру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
Курстың бас спикері, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ирина Ефимова, өз саласындағы терең білімі мен тәжірибесін қатысушылармен бөлісті. Тыңдаушылар оқыту барысында инновациялық әдістермен танысып, оларды өз оқу бағдарламаларында қалай тиімді қолдануға болатынын тәжірибе жүзінде үйренді.
Курс соңында барлық қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталды. Бұл оқыту бағдарламасы оқытушыларға жаңа білім беру трендтерін меңгеруге, олардың кәсіби дамуына және білім беру сапасын арттыруға зор мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділігі мен педагогикалық шеберлікті дамытуға деген ынтасы үшін алғыс білдіреді. Мұндай курстар болашақта да жалғасын тауып, білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.
 

Оқиға категориялары