«Әлішер Науаи және XXI ғасыр» халықаралық ғылыми-теориялық конференция
- 1 view
Tashenev университетінде «Әлішер Науаи және XXI ғасыр» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтіп жатыр
Жұмабек Тәшенев атындағы университет «Әлішер Науаи және XXI ғасыр» атты жыл сайынғы дәстүрлі ғылыми конференцияның басты тең ұйымдастырушысы болды. Бұл беделді ғылыми шараны Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің ұсынысымен ұйымдастырылды және биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналады.
Конференцияны ашқан Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің ректоры міндетін атқарушы Парида Байнеева Әлішер Науаидың мұрасының маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Әлішер Науаидың мұрасы – тек өзбек әдебиетінің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес мәдени қазынасы. Оның еңбектері ұрпақтарды рухани тұрғыдан жігерлендіріп, халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтады. Бүгінгі конференция – ұлы ақын идеяларының XXI ғасырда да өзектілігін дәлелдейтін жарқын мысал. Біздің университетіміз бұл шараны зор мақтанышпен өткізуде», – деді ол.
Конференцияға Қазақстан мен Өзбекстанның ғалымдары, түркітанушыларымен қатар, Үндістан, Түркия, Иран, Әзербайжан, Пәкістан, Ауғанстан, Қырғызстан, Венгрия және басқа да елдердің зерттеушілері қатысты. Бұл конференцияның жоғары халықаралық мәртебесін және Әлішер Науаидың мұрасына деген ғалымдардың қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры Шухрат Сироджиддинов Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен елде Әлішер Науаидың әдеби-ғылыми мұрасын зерттеу мен дәріптеу мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Оған дәлел ретінде Өзбекстан Президентінің бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аясында «Әлішер Науаи» халықаралық сыйлығының тағайындалғанын айтты.
«Бұл тұрғыда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдары ортақ. 2024 жылы 8 тамызда Қазақстан астанасы – Астанада қос мемлекеттің басшылары Әлішер Науаиға арналған ескерткіштің ашылу рәсімін өткізді. Осы тарихи сәтке куә болғаным үшін мақтан тұтамын. Сондай-ақ, Ташкент қаласының орталық аудандарының бірінде қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған еңселі ескерткіш тұрғызылған. Бұл – халықтарымыздың достығы мен бауырластығының символы. Өз кезегінде, Абай Құнанбайұлы Әлішер Науаиды өзіне ұстаз тұтқан. Бұл қазақ және өзбек халықтарының арасындағы берік әдеби және рухани байланыстың айғағы», – деді Шухрат Сироджиддинов.
Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университеті бұл дәстүрлі халықаралық конференцияны бірнеше жылдан бері түркі мемлекеттерінде өткізіп келеді. 2023 жылы форум Әзербайжан астанасы – Бакуде Низами атындағы Әдебиет институтымен бірлесіп ұйымдастырылса, 2024 жылы Түркияның Бурса қаласындағы Улудағ университетінде өтті. Ал биыл конференция Қазақстанда Жұмабек Тәшенев атындағы университетпен бірлесіп ұйымдастырылды.
Қазақ әдебиетшілері, тіл мамандары, көрнекті ақын-жазушылар өзбек классикалық және қазіргі әдебиетін, соның ішінде Әлішер Науаи мен Захириддин Мұхаммед Бабырдың мұрасын зерттеуге ерекше көңіл бөледі. 2020 жылы қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы Әлішер Науаидың «Хамса» поэтикалық циклін қазақ тіліне аударды. Кітап Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен жарық көрді.
Сонымен қатар, белгілі жазушы әрі ғалым Қалдыбек Сейданов «Науаи және қазақ әдебиеті» атты еңбегін жазып, оны Өзбекстан Жазушылар одағы басып шығарды. Әдебиетші Тұралы Қыдыр Әлішер Науаидың «Мухокамат ул-луғатайн» трактатын қазақ тіліне аударды. Ал шығыстанушы Ислам Жеменей Әлішер Науаи мен Бабырдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды зерттеулер жасап, «Бабыр-наме» еңбегін қазақшаға тәржімалады. Бұл ғылыми-әдеби жұмыстар қазақ-өзбек әдеби байланыстарының жоғары деңгейін көрсетеді және оның одан әрі дамуына негіз қалайды.
Конференцияда Әлішер Науаидың әдеби мұрасы, оның әлемдік мәдениеттегі орны, текстология мен аударматану мәселелері, сондай-ақ қазіргі білім беру жүйесінде Науаи шығармашылығын оқыту мәселелері қарастырылады. Ғалымдар мен зерттеушілер өзара тәжірибе алмасып, Науаи шығармаларын қазіргі тілдерге аудару және түркі әлемінде мәдениетаралық диалогты нығайту жолдарын талқылайды.
Шара барысында қатысушыларға Әлішер Науаи атындағы медальдар мен Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің құрмет грамоталары табысталады.
Конференцияның Қазақстанда өткізілуі – Әлішер Науаи тұлғасына және оның шығармашылығына деген терең құрмет пен қызығушылықтың дәлелі. Бұл форум түркі халықтары арасындағы ғылыми және мәдени байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды және өңірдегі гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына үлес қоспақ.
Айта кетейік, Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университеті мен Жұмабек Тәшенев атындағы университет ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Бұл серіктестік аясында ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен форумдар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, оқытушылар мен студенттерге тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мүмкіндігін беретін академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде дамып келеді.
Оқиға категориялары
►"Zan" деректер қоры ► Tilqural.kz ► Tilalemi.kz ► Balatili.kz ► Emle.kz ► Termincom.kz ► Sozdikqor.kz ► Qazcorpora.kz ► Qujat.kz ► Tilmedia.kz ► Atau.kz ► Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет