16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын!

Құрметті «Сырдария» университетінің ұжымы және студент жастар!

Сіздерді 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік... Топырақ қойнауына тоғытылған тарихпен сырлассаңыз тәуелсіздік тұғырын тік көтеру оңай болмағанына көзіңіз жетеді. Тәуелсіз ел болу қандай бақыт?! Талайдан бері, қаншама ұрпақ аңсап кеткен, ел-жерін қорғап өмірден өткен бабалардың рухы біздей бақытты перзенттерін көріп бір асқақтар ма еді?! 
Биыл, міне, егемендіктің отыз жылдығын ел болып тойлап, даңқымыз бен парқымыздың жеткен жерін әспеттеп жатырмыз. Қазақ халқы сан ғасырлық қиын-қыстау жол, тар жол тайғақ кешу замандарды өткеріп, бүгінде тәуелсіз елдер қауымдастығы қатарынан ойып, өз орнын алып отыр. Осы уақыт аралығында қазақ халқының ұлттық санасы кемелденіп, ежелден қалыптасқан тамыры терең тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, сарқылмас рухани қазынасын жаңғыртып, әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ. Демек, ана тілінде таза, шебер, шешен сөйлейтін, тарихы мен әдебиетін білетін, ұлтжанды ұрпақты – Мәңгілік қазақ елінің көшін сүйреушілерді тәрбиелеуге мүмкіндік беріп отырған да – Тәуелсіздік.
Жылдам әрі өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы игі қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. XXI ғасыр – ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік не¬гізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. 
Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан сәттен бастап тәуелсіз ұрпақ үшін – «Сырдария» униветситеті білім берудің озық үлгісін көрсетіп, көш бастайды деген ойдамын. Осы жолда білікті ұстаздар қауымының, білімге құштар студенттердің қосып жатқан үлесі зор. Әлемдік деңгейде біздің жастардың өзге ұлттың ұрпақтарымен білім көкжиегінде иық теңестіре алатындарына сенемін. Инновациялық технологиялар дамыған заманда тұғырлы тәуелсіздігімізді өз биігінде сақтау үшін білім мен ғылым әлеуетін арттыра отырып, дамудың даңғыл жолында аянбай қызмет етуіміз қажет.
     Еліміздің тірегі мықты, тыныштығымыз мәңгіге айналған әлем болсын. Тарихымыз үшін қысқа ғана саналатын небәрі 30 жылдың ішінде ғасырлық дүниелерге дем бітірген еліміздің болашағы нығая берсін!

Құрметпен, университет ректоры Бақыт Токмурзаев!
 

Оқиға категориялары