Қос оқытушының еңбегі еленді

Университетіміздің ардагер оқытушылары Берікбай Мейірбеков пен Ұлықбек Мәжитов «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 
«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында байқау ұйымдастырған болатын. Оқытушыларымыз осынау байқауға өздерінің көп жылғы еңбек өтілі, сіңірген еңбегі туралы ұсыныс жолдап, бірінші дәрежелі дипломға ие болды. 
47 жылғы еңбек өтілі, оның 37 жылын педагогика саласына арнаған Берікбай Бекматұлы бүгінде университетіміздің «Дизайн және өнер» факультетінде «Оркестр класы», «Жалпы дирижерлеу», «Камералық ансамбль» пәндерінен сабақ береді. Көп жылғы абыройлы еңбегі үшін «Мәдениет майталманы» медалін, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін де алған қадірменді ұстаз.
Ал, студенттерімізге «Хор», «Дауыс реттеу» пәндері бойынша білім беріп жүрген Ұлықбек Халматұлының бұл салада 40 жылдық еңбек өтілі бар. Алтын кітап иегері «Мәдениет қайраткері», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» марапаттарының иесі. 
Tashenev University ректоры Қ. Байболов қос оқытушымызға төсбелгіні табыс етіп, марапатымен құттықтады.