Үміт сәулесі
- 1 view
Сілтеме: https://egemen.kz/article/330079-umit-saulesi
Тұлғаның болмысын тану, оның жеке қасиеттері туралы жазу, әсіресе ылғи ізденіс, толғаныс үстінде жүретін, мемлекет пен ел мүддесі үшін қызмет ететін Мемлекет басшысы жөнінде ой айту, оның қайраткерлік қырын зерделеу, азаматтық бітіміне терең бойлау – аса күрделі мәселе.
Кемеңгер Абай «Отыз бірінші қарасөзінде»: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану (үлгі алу) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек» деген екен. Бұл – адамды өсіретін, тұлға ретінде әлеуметтену, толысу үдерісіне жетелейтін қағидалар мен ұстанымдар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Абайдың осы ұстанымына сай тұлға. Тұлғалардың өзгелерге әсер етуінің түрлі жолы бар. Соның ішінде бойындағы парасат шуағы арқылы өзгелердің жанына жылу беріп, жүрегіне жол таба білу. Бұл тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық қатынастарды бүге-шігесіне дейін жете білетін, бұл салада мол тәжірибе жинақтаған қайраткер. Қазақстанның Cыртқы істер министрі қызметін атқарған жылдары Қ.Тоқаев халықаралық қарым-қатынас барысында дипломатиялық біліктілік танытты. Халықаралық қатынаста мемлекетіміздің позициясын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білді. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Cыртқы істер министрлігіне қызметке келгенде қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын еді. Өйткені мектеп пен жоғары оқу орындарын орыс тілінде тәмамдады, кейін Кеңес Одағы елшілігінде қызмет етті. Соған қарамастан, ана тіліне деген үлкен жауапкершілігі оны қазақшаны қысқа мерзімде мүдіріссіз меңгеріп алуына жеткізді. Министрдің орынбасары, министр, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы сынды жоғары деңгейдегі лауазымды қызметтердің қай-қайсысында да оның мемлекетшіл тұлға ретіндегі қасиеттері дараланып тұратын еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси ғылымдар докторы. Халықаралық қатынастарға байланысты «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі», «Беласу», «Нұр мен көлеңке», «Он делает историю» атты қомақты еңбектерімен танымал. Ол – Бүкіләлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы «Даналар» кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ Шэньчжэнь университетінің Құрметті профессоры (ҚХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының Құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің Құрметті президенті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы. Ол Қазақстан Республикасы СІМ-нің Нәзір Төреқұлов және Ресей Федерациясы СІМ-нің А.Горчаков атындағы естелік медальдарымен, Женева университетінің «Академикус» грамотасымен, сондай-ақ С.Н.Рерих атындағы естелік медальмен марапатталған. Орыс биографиялық қоғамы Қ.К.Тоқаевты «Жыл адамы – 2018» лауреаттарының тізіміне енгізген.
2019 жыл. Наурыз. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлем жұртшылығы Қазақстандағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Осы жағдайда Конституцияға сәйкес ел Президенті болып Қ.К.Тоқаев тағайындалады. 20 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің міндетін атқарушы ретінде ант берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде, ең алдымен, халықты диалогке шақырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы диалогті нығайтты. Ұлықтау рәсімі өткен күні құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі «Талқыға салса, шешілмейтін мәселе жоқ» екенін көрсетіп берді.
«Күшті Президент - ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет». Қ.Тоқаевтың Қазақстанның саяси құрылымына қатысты көзқарасы міне, осындай. Ол бұл принципке әуелден берік. 2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге қатысты жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін мәлімдеді.
Қазақстан – біртұтас мемлекет. Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Президент бұл мәселеге қатысты берік тұжырымын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да шегелеп айтты. «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады», деді ол.
Жерге қатысты жүргізіліп жатқан салиқалы саясаттың бірі – еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарын солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстандырып, оларға қолайлы жағдай жасау болып отыр. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет.
Жалпы, халықтың қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін оңтайландыру орайында Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалар шын мәнінде көптеген мәселені шешіп жатыр. Айталық, микро және шағын бизнес саласындағы компаниялардың табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылатыны, жұмыс берушілердің зейнетақы қорына енгізетін 5 пайыздық қосымша төлеміне 3 жылға мораторий жарияланғаны, жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануына рұқсат етілгені шын мәнінде тиімді ұйғарым болды. Президенттің: «Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, жетістіктер мен халықаралық табыстарды мақтан ету артық. Азаматтар экономикалық өсімнің игілігін көрмесе, одан еш қайыр жоқ», деген сөзінің астарында әлеуметтің әл-ауқатын одан әрі жақсарту, әр азаматтың мүддесін қорғау идеясы жатыр. Қоғамдық-саяси өмір жаңғырмайынша, табысты экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес екендігін ол әркез ашық айтып келеді.
Келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстауды және елдік істерді лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен Президент жастар саясатына да ерекше көңіл бөліп отыр. Жас-тардың алға қойған мақсат-мүддесін білу үшін науқаншылдыққа ұрынбай, жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажеттігін баса айтуы – осының нақты айғағы. Жастар саясатын сол қажеттілікке жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Бұл орайда жастарға сапалы білім берумен қатар, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу басты назарда болуы керек.
Бүгінде саны көп, сапасы төмен оқу орындарының саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі. Осыған байланысты Президенттің тиімсіз жоғары оқу орындарының санын қысқарту жөніндегі шешімі де білім беру сапасын көтеруді көздеген оң қадам екені түсінікті. Осы мақсатта отандық жоғары оқу орындарына озық халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық берілмек. «Менің тапсырмам бойынша шетелдік жетекші университеттермен академиялық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміздің түрлі қаласындағы отандық жоғары оқу орындары базасында ресейлік бірнеше ірі университеттің филиалдары ашылды. Ал Петропавл қаласындағы Kozybayev University оқу орнында 175 студент Аризона университетінің бағдарламасымен білім ала бастады. Жуырда Қазақстанда Ұлыбритания, Германия, Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея және АҚШ жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Әлемдік білім беру жүйесіне қосылу жоғары оқу орындарымыздың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл өзгерістердің бәрі еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасалып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі негізгі ұстанымы, өмірлік көзқарасы – жоғарыда айтып өткеніміздей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақ-тылық та, даму да болмайды.
Екінші ұстанымы – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастауын алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Әділеттіліктен ажырау адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуі керек. «Әділет жолы – ауыр жол», дейді халқымыз, бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші ұстанымы – тек алға басу, өркенді даму жолымен жүру. Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы екені баршаға аян. Жаһандық бәсекелестік жағдайында мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ, көп нәрседен ұтыларымыз анық. Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайдылықты көтермейді. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлық кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармауымыз керек. Ендеше, Президенттің бұл ұстанымы – ел болашағының басты бағдары.
Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес, әділеттілік туралы ұдайы айтып келеді. Әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғам¬дық өмірдің көптеген тұсын жайлағаны жасырын емес. Иә, Үкімет бұл дертпен өз тарапынан заң аясында күресіп жатыр. Дегенмен бұл аздық етеді. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықты жеңу үшін тек қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекет қажет. Ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген әйгілі нақылы бар. Ең бастысы – қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұратындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекет нәтижесіз күреске айналуы мүмкін.
Жалпы, әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Әділеттілік бұзылған қоғамда азаматтар арасында наразылық туындайды. Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуға тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай, заң шеңберінде жазалануы шарт. Әсіресе жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретіндегі басты талабы да, басты мақсаты да міне, осы.
Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Тіпті экономикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлінді. Мысалы, көпбалалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туа¬ды. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни адами капитал¬ды дамыту аналардың әлеуметтік жағ¬дайын жақ¬сартумен тікелей байланысты. Ана¬ларымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек. Президент талап етіп отырған осы міндетті жүзеге асыру мақсатында аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынып жатыр.
Өңірлерге жасаған сапарларында Президент облыстардағы баспана құрылысының жүр-гізілу барысын жіті қадағалап келеді. Жалақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңірлердегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде іске асырыла береді. Бұл – бұлжымайтын жоспар.
Біз даму деңгейі жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарындамыз. Ұдайы экономикалық өсім болмаса, осы дәрежеге жетуіміз екіталай еді. Инвестиция, экспорт және индустрияландыру – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қолжеткізудің шешуші факторлары. Қазіргі заманның қарқыны өте жылдам.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері әлемдік деңгейде көпвекторлы саясат жүргізді. Көпвекторлы саясат Қазақстанның гео¬графиялық орналасуынан, геоэкономикасынан туындайды. Бұл – ұзақмер¬зімді стра¬тегиялық бағыт. Осы стратегия¬ның нәти¬жесінде мемлекетаралық қақтығыстардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар.
Қазақ елі өзінің сыртқы саясатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақтастыққа баса мән береді. Оған қоса, еліміз тәуелсіздік жылдарында біршама интеграциялық үдеріске бастамашы болды. Бұл бағытта дәстүр сабақтастығы сақталады, саясатымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын Білім күні жариялауды дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс – елдің жаңа кезеңге қадам басуы дер едік. Осы орайда Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауы – Конституциялық реформа, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам. Жолдауда елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған және мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер ұсынылған. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру орайындағы бірінші бағдар жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырмақ.
Жолдау Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді, ал әділеттілікте ең бірінші жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлығының иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық толықтай көрмей отырғаны, әрине, әділетсіздік. Сондықтан жер қойнауын игеру, арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін бағалау, дамыту мәселесі бойынша мүлде басқа саясатқа көшу көзделіп отыр. Бұл тұста нақты секторды дамыту туралы екінші бағдардың маңызы аса зор.
Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия – Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы, су саласының үш жылдық жобасын әзірлеу ұсынылды.
Еліміздің басты құндылығы – адам. Адами капиталды дамыту және оған инвестиция салу. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ендеше, үшінші бағдарда негізге алынған ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция – халықтың дәулетті тұрмысын қамтамасыз етудің кепілі болмақ. Үшінші бағдардағы тағы бір маңызды мәселе – білім жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Балалар кәмелеттік жасқа толғанда жоғары білім алу үшін Ұлттық қордың инвестициялық кірісі есебінен олардың шоттарында қаражат жинақтау – елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа бастама. Қуатты ұлттың діңгегі – халық десек, ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек.
Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыруға басымдық беру – мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен жауапкершілігін арттырудың сенімді қадамы. Өйткені жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Президенттің экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет екендігіне мән беруі де осыдан. Сондықтан мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту Әділетті мемлекеттің әдебі мен ар-намысына сай келетін ұстаным болмақ. Бұл – Жолдаудың төртінші бағдарына тиесілі міндет. Қоғамдағы заң үстемдігі, сот төрелігі және қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау мәселесі қазылардың жоғары білікті, адал, жемқорлықтан таза болуын талап етеді. Барлық судьяның мәртебесін теңестіру және құқық қорғау органдарын реформалау бесінші бағдарда айтылған заң мен тәртіптің тетігін жетілдірудің сенімді жолы болмақ.
Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын. Сондықтан еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы кедергінің бәрінен арылып, өркенді даму үшін жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды екені белгілі. Осы орайда Президенттің бастамасымен соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынды. Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсат – Әділетті Қазақстанды құру. Мемлекет басшысы халық пен мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қойып, осы стратегиялық бағытты еліміз¬дің басты бағдары ретінде жариялады. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайын екенін жеткізді. Ауқымды конституциялық реформа жүргізіліп, елімізді түбегейлі қайта құруға кірісті.
Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жолдағы бағдары баршаға айқын. Соның бір көрінісі – 25 қазанның қайтадан еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күні болып бекітілуі. Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.
Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Ұлттың шынайы ұлылығы дегеніміз – ең алдымен, оның азаматтары, олардың Отанға деген сүйіспеншілігі және елдің өркендеуі үшін жасаған адал еңбегі. Осы ұлық мереке қарсаңында ерлігі мен еңбегін ел мойындаған бір топ азаматты Президент жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауы егемен ел жетістігінің айқын бір айғағы десек болады.
Қазіргі таңда ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы, негізінен, мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да компаниялар озық технологияға негізделген өнім шығаратынын, қызмет көрсететінін, олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатқандығын айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.
Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр екен. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.
Қазақтың жері өзінің пейіліндей, түрлі ресурсқа бай, жеріміздің қойнауында Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент кездеседі. Бұл елдің игілігіне жұмсалатын қазына болуы керек. Президенттің: «Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік», деген сөзі еліміздің ең басты байлығы – адамға барлық қажетті жағдайды жасауды көздегендік.
Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын бірге айқындайтын боламыз. Қазақстан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын орнықтыратын мемлекетке айналмақ. Еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі мақсаты – барша халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету. Президент бұдан былай қолдан жасалған барлық монополия келмеске кететінін берік сеніммен айтты.
Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-құлқын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кертартпа мінезге Қасым-Жомарт Тоқаев өз тарапынан даңғазалық пен ысырапшылдықты жатқызады. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет.
Ұлы Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», дейді.
Бізге надандықтан құтылу қажет. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Егер олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса, онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!
Иә, Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Біз бұған кәміл сенеміз. Өйткені...
Кез келген адам көтеріле алмайтын биіктен қарап, кең барлап, терең толғау үшін Мемлекет басшысына тек ел басқару тәжірибесі ғана емес, үлкен парасат, салиқалы, сарабдал мінез, қоғамның саяси қырын терең түсінетін сындарлы көзқарас керек. Біз сондай тұлғаға таңдау жасадық.
Халық ел тізгінін саясаткер, ғалым, дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтай тұлғаның қолына ұстатты.
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Оқиға категориялары
?"Zan" деректер қоры ? Tilqural.kz ? Tilalemi.kz ? Balatili.kz ? Emle.kz ? Termincom.kz ? Sozdikqor.kz ? Qazcorpora.kz ? Qujat.kz ? Tilmedia.kz ? Atau.kz ? Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет
Жаңа пікірді жазу