РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ: Ж. А. Тәшеневке “Халық Қаһарманы” атағын беру ұсынылды 2025 жылғы 20 наурызда Шымкент қаласында қазақ елінің көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара ел тәуелсіздігін, жер тұтастығын сақтауға орасан зор үлес қосқан тұлғаның тарихи мұрасын дәріптеу, оның мемлекетшілдік идеяларының қазіргі заманғы өзектілігін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Конференция Ж.Тәшенев атындағы университет пен «Достық үйінде» өтіп, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО ректорлары, оқытушы-профессорлар, студенттер және мектеп мұғалімдері қатысты.
Конференцияның ашылуында ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Жұмабек Тәшенев атындағы университет» АҚ басқарма төрағасы ОңалбайАяшев модераторлық етті. Ол өз сөзінде:
❝ Жұмабек Тәшеневтің батыл саясаты мен әділдігі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Ол Қазақстанның жерін сақтап қалу жолында қайрат танытқан ұлы тұлға❞, – деді.
Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Тұран» университетінің президенті Рахман Алшанов, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Зауытбек Тұрысбеков, кәсіпкер, меценат Серікжан Сейтжанов болды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек конференцияның ашылуымен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:
Бүгін біз көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған республикалық конференцияда бас қосып отырмыз. Жұмабек Тәшеневтің өмірі менқызметі – отансүйгіштік пен адалдықтың жарқын үлгісі. Оның ел игілігі жолындағы еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Осы орайда, Жұмабек Тәшенев атындағыуниверситетке және конференцияны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Сіздерге табыс, ал қатысушыларға жемісті пікірталастар тілеймін."
Жұмабек Тәшеневтің келіні Фатима ханымконференция барысында сөз сөйлеп, ата-баба мұрасын құрметтеп, оның есімін ардақтап жүрген барша қауымға ризашылығын білдірді:
❝Жұмабек Тәшенов – елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен біртуар тұлға. Оның еңбегін ұмытпай, есімін дәріптеп жүрген барша жанға шын жүректен алғысымды білдіремін. Осындай іс-шаралар арқылы ұрпаққа оның өнегелі өмір жолын жеткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз❞ 
Конференция барысында мазмұнды баяндамалар жасалып, Жұмабек Тәшеневтің тарихи тұлғасы, оның ұлттық саясаттағы орны,реформаторлық көзқарастары талқыланды. ҚР Ардагерлер ұйымының төралқа мүшесі, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Ұлт батыры, ұлы тұлға – Жұмабек Тәшенев» атты баяндамасында қайраткердің елдік мүдде жолындағы қызметін атап өтті. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден «Әлем, Абай және Қазақстанның сара жолы» тақырыбында сөз сөйлесе, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек «Қазақтың катепті қара нары (Жұмабек Тәшенов туралы толғаныс)», Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры 
Гүлжан Сүгірбаева «Ж.Тәшеневтің өмір белестері Шымкент тарихында» тақырыпта баяндамасын ұсынды.
Ж.Тәшенев атындағы университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Байболов:
❝Бүгінгі және келешек ұрпақ Тәшеневтің өнегелі өмірі мен қызметінен тағылым алып, «мен де сондай болсам, халқыма қызмет етсем» деген ұлы мақсат оларды алға жетелеуі қажет. Міне сонда, Тәшеневтің бойындағы елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілік, ұлтжандылық, адалдық пен қайпас қайсарлықсияқты қасиеттер бүгінгі жастардың да бойында да қалыптасып, олар ертең еліміздің нағыз патриот, адал да мықты азаматы боларына күмәніміз болмас еді. Ендеше, қазақ деген халық барда, Жұмабек Тәшенев есімі де сол халқымен бірге мәңгі жасай бермек.❞, – деді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, белгілі дипломат Зауытбек Тұрысбеков конференцияда сөз сөйлеп, Жұмабек Тәшеневтің ел тарихындағы рөлін атап өтті:
❝Жұмабек Тәшенов – халқымыздың біртуар перзенті, елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен мемлекет қайраткері. Оның батыл шешімдері мен ұлтжандылығы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Біз оның мұрасын құрметтеп, есімін мәңгі есте сақтауымыз қажет.❞, – деді ол.
Ж.Тәшенев атындағы қоғамдық қордың төрағасы Саян Тәшенев, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки конференцияға қатысып, пікір білдірді.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар Жұмабек Тәшеневтің мұрасын насихаттау, оны жастарға үлгі ету, оның еңбектерін ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттігі туралы Үндеу қабылдады. Бұл іс-шара ұлттық сана-сезімді арттырып, қазақ халқының даңқты ұлының тарихи рөлін терең түсінуге үлкен үлес қосты.
Сонымен қатар, конференция нәтижесі бойыншакелесі ұсыныстар қабылданды:
1. Мемлекеттік тұтастықты қорғап, ел мүддесіжолында аянбай еңбек еткен ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Ж. А. Тәшеневке “Халық Қаһарманы” атағын беру ұсынылсын.
2. Ақмола облысында орналасқан бір ауданға 
Ж. Тәшенев есімі берілсін.
3. Жұмабек Тәшенев атындағы университетте дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан “Тәшенев оқулары” тәжірибесі еліміздегі басқа да білім беру ұйымдарына таратылсын.
 

Оқиға категориялары