TASHENEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ КЕҢ КӨЛЕМДІ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ
2025-11-21
Медиатека / Жаңалықтар / TASHENEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ КЕҢ КӨЛЕМДІ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ
Tashenev University-де студенттер үшін қоғамдағы маңызды рөл атқаратын мемлекеттік қызмет тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Университетке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қадырбеков Қанат Керімханұлы келіп, мемлекеттік басқару саласындағы жаңалықтар, талаптар және жастарға арналған мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Спикер студенттерді ерекше қызықтырған мәселелердің бірі — GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары түлектердің конкурстық тестілеусіз, тікелей мемлекеттік қызметтің вакантты лауазымдарына тағайындалу мүмкіндігі. Бұл – дарынды жастарға қолдау көрсетуді көздейтін жаңа модельдің маңызды артықшылықтарының бірі екені атап өтілді.
Кездесуді университет ректоры, профессор Қанат Байболов жүргізді. Ол білім беру мен мемлекеттік сектор арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі жас мамандардың кәсіби жолын айқындауда аса маңызды екенін атап өтті.
Ал философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжинбеков мемлекеттік қызметтің этикалық негіздері мен қоғамдық жауапкершілік тұрғысында терең оймен бөлісіп, жастардың бұл салаға саналы түрде келуі керектігін атап өтті.
Қадырбеков Қанат Керімханұлы жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын оң бағалап,
«Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала. Жастардың осы бағытқа қызығушылығы біз үшін өте маңызды. Біз әрбір дарынды, білімді жасты қолдауға дайынбыз,» — деді.
Ректор Қанат Байболов кездесу маңызын атап өтіп,
«Университеттің басты міндеті – студенттерді заманауи талаптарға сай дайындап, елге қажетті маман ретінде қалыптастыру. Бүгінгі кездесу – білім мен тәжірибені ұштастырудың жарқын үлгісі,» — деп ой қосты.
Ал Сәкен Мәжинбеков мемлекеттік қызметтің моральдық қырын түсіндіре келе,
«Мемлекеттік қызмет – қоғамдық сенім институты. Бұл салада қызмет ететін маманның дүниетанымы, мәдениеті және адамгершілігі жоғары болуы қажет. Жастардың бұл жолды таңдауы – үлкен жауапкершілік,» — деп атап өтті.
Кездесу барысында өңірлік кадрлық резерв, Жастар президенттік кадрлық резерві, мемлекеттік органдардағы тәжірибе базалары және мемлекеттік қызметке қабылдау тетіктері талқыланды. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамынан көптеген сұрақтар қойылып, нақты әрі пайдалы жауаптар берілді.
Бұл кездесудің нәтижесінде студенттер мемлекеттік қызметтің құрылымы, талаптары және жаңа мүмкіндіктері туралы терең түсінік алып, кәсіби бағдарын нақтылай түсті




