Махымова Раушан

"Сырдария" университеті - Оңтүстіктің Мақтарал ауданында орналасқан еліміздің жоғары білім беретін оқу орындарының бірі. Бұл бүгінде 300 мыңнан аса халқы бар ауданның оқуға ынталы жастарына жасалған зор мүмкіндік деп ойлаймын. Мен де бір кездері осы оқу орнына көп жастардың бірі болып ауылдан арман қуып келген болатынмын.

1999-2003 жылдар аралығында филология факультетінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмәмдадым. Университетте алған білімімді бүгінде тәжірибемен ұштастырып жүргеніме міне, он жылдай уақыт болыпты. Қазір журналистика саласында өнімді еңбек етудемін. Облыс орталығынан шығатын «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарамын.

Мен қашанда өзім білім алған оқу орныммен, ұстаздарыммен мақтанамын. Білікті профессор, оқытушылардың тәлім-тәрбиесі бізді алысқа қанат қақтырды. Оқытушы-ұстаздарымыз - Құдайберген Жидебаев, Ләззат Әбенова, Гүлнәр Салықбаева және басқалары да әлі де жадымда. Шәкірт үшін ұшқан алтын ұясы қашанда ыстық сезіледі. Материалдық-техникалық базасы толыққанды жабдықталған, білім беру стандартына сәйкес студенттерге тиімді оқыту жүйесін енгізген оқу орнының бүгінгі жетістіктері көз алдымызда өтіп жатыр. Сырдария университетінің аты жоғарыдан аталып, көркейіп жатса ол біз үшін де қуаныш. Өзіңнің білім алып шыққан оқу орнымен мақтану әрбір шәкірт үшін маңызды.

Сырдария университетінің жұмыс істей бастағанына жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Осы аралықта бұл университетті қаншама түлектер бітіріп шықты. Олардың әрқайсысы еліміздің түрлі өңірлерінде жемісті қызмет етіп жүр.

Жасай бер, жайнай бер, Сырдария! Өзіңнен әлі талай түлектің түлек ұшатынына сенім мол!

Раушан МАХЫМОВА, журналист, Сырдария университетінің 2003 жылғы бітіруші түлегі

Бітіру жылы

Оқиға категориялары