ТӘШЕНЕВТЕ ТЫҢ БАСТАМАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

2024 жылдың 13 маусымында Жұмабек Тәшенев университетінде білім алушыларға тәулік бойына қызмет көрсететін “COWORKING” орталығы ашылды. 
Жастардың игілігіне орай ашылып отырған аталмыш орталықта білім алушыларға арналған соңғы үлгідегі заманауи 150 компьютер интернет желісіне қосылып, білім алуға қажетті бірнеше бағдарламалар орнатылған. Сонымен қатар, студенттердің пікір алмасу залы, демалыс аймағы, мүмкіндігі шектеулі білім алушыларға арналған компьютерлік бұрыштар, тігін цехы, ақпараттық ресурстық орталығы шоғырланған.
Іс-шара барысында лента қию рәсіміне Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры м.а. Гүлжан Сүгірбаева, ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық Журналистер филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Отырар кітапханасының директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова және Студенттік Ректор Бауыржанқызы Аружан қатысты. Шараға Шымкент қаласындағы барлық ЖОО проректорлары қатысты.