ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ

TASHENEV UNIVERSITY – ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТТІ

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетінің бітіруші түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау шарасы өтті.
Қызығы мен қиыны қатар жүретін студенттік шақтағы тағы бір оқу жылы артта қалды. Үлкен өмірге жаңа жолдама алған бітіруші түлектер үшін бұл маңызды кезең. Арман қуған жас бүгінде қолына диплом алып, жас маман атанып жатыр.
Ж.Тәшенев университеті – техникалық мамандықтарға ғана емес, гуманитарлық мамандықтарға да басымдық беріп, заман талабы инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын қалыптастыруды қолға алып, жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, техникалық ауыл шаруашылығы, сервистік және ветеринария салаларында білім береді.
Университетте 35 бакалавр, 10 магистратура мамандықтарынан бөлек, толық ағылшын тілінде өтілетін «Бизнес әкімшілігі» мен «Басқарудың ақпараттық жүйелері» мамандықтары ашылып жатыр. Алдағы уақытта шетелдік профессор-оқытушылар сабақ беріп, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шет мемлекеттерге жіберу мүмкіндігі қарастырылған.
Биылғы жылы оқу ордасында 9411 студент білім алса, 4268 түлек маман атанып отыр. Оның ішінде 28 үздік түлек бар. Сондай-ақ, магистратура мамандықтарында – 1031 білім алса, 811-і магистр атынып жатыр. Жалпы университетте 57 студент мемлекеттік, жергілікті грант негізінде білім алуда.
Салтанатты шараға университет басшылығы, ардагер ұстаздар, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен бітіруші түлектер қатысты. Алғы сөз сөйлеген университет құрылтайшысы Оңалбай Аяшұлы болашақ мамандарға сәттілік тілеп, тек биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Мерекелік кеште түлектер мен ата-аналар сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына жылы лебізін білдірді. Шара соңында «Біз бағындырған белестер» атты арнайы фильмі назарға ұсынылып, эстарда жұлдыздарының концертімен аяқталды.