Қасиетті орындар сыр шертеді...

Ontustik Qazaqstan

Сілтеме: https://okg.kz/post?id=30490&slug=qasietti-oryndar-syr-shertedi

Жақында педагогика ғылымдар докторы, профессор Оңалбай Аяшевтің бастамасымен тарихшы, филолог ғалымдар БАҚ өкілдерімен бірге  Домалақ ана, Бәйдібек баба кесенелеріне, Ақмешіт үңгірі мен Аппақ ишан мешіт-медресесіне зиярат етіп қайтты. Бұл сапардың мақсаты – тарихи орындардың  жай-күйімен танысып, тарих, археология, филология  факультеті студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен  болашақ ғылыми жобаларына тақырыптық тұрғыдан бағыт беру, өндірістік практикаларына база болатын орындарды қарастыру.  

Сапар барысы Домалақ ана мен Бәйдібек бабаның кесенесінен басталды. Бәйдібек баба  – Сарыүйсін, Ысты, Шапырашты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат руларының атасы. Бәйдібек баба кесенесінен шығысқа қарай төрт шақырым жерде бидің екінші әйелі Зеріп ана мен оның келіні Сыланды аналарға арнап салынған «Қос ана» және «Қасиетті бес ана» кесенелері (Сары бәйбіше атанған Марау, Зеріп және оның келіндері Жұпар, Сыланды,  Қарашаш аналар)  бой көтерген. Мұнда көненің көзі ретінде  қыш кірпіштен қаланған ескі мешіт-медресенің  қабырғалары сол күйінде сақтаулы тұр. 
Баба кесенесінен кейін зияратшылар Орта Азиядағы ең үлкен Ақмешіт үңгіріне барды. Көлемі бір гектардан аса аумақты алып жатқан үңгірдің қай мезгілде, қалай пайда болғаны белгісіз. Бір ғажабы, ішінде тұт, қараағаштар өсіп тұр. Ішкі құрылысы киіз үй формасына ұқсас. Үңгірдің ауасы ағзаның жоғарғы қан қысымын төмендетуге әсер етеді және үңгір ішінде 20-30 минут жүрген адам бойындағы жаман энергиядан арылады. 
Сапар соңында  жолаушылар Шаян елді мекенінде орналасқан тарихи жәдігер Аппақ ишан мешіт-медресесіне тоқталды.
Қосым ишанның немересі  Аппақ ишан салдырған мешіт-медресенің кітапханасында араб, парсы  тілдерінде көптеген әдебиеттер болған. 1927 жылы  Аппақ ишан да қуғын-сүргінге ұшырап, мешіттің біраз жері әдейі қиратылады. 
Бұл мешіт-медресе өнертанушы, қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың ерен еңбегінің арқасында мұражайға  айналған. Онда керемет тарихи жәдігерлер, тамаша экспонаттар орналасқан. Аппақ ишанның тұтынған заттары: шапаны, әжесінің бүкіл ғаламды ішіне енгізген қолдан тоқыған кілем-жайнамазы,  қолжазба, ескі шағатай, араб тілдеріндегі кітаптар,  қолөнер бұйымдары: қолдан тоқылған кілемдер галереясы көнеден сыр шертеді.
Көнеден сыр шертетін тарихи орындар әлі де ғылыми зерттеуді қажет етіп тұр.
 

Ләззат АБЕНОВА,
Ж.Ташенев атындағы университеттің ғалым хатшысы. 

 

Жаңа пікірді жазу

Ограниченный HTML

  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a href hreflang> <em> <strong> <cite> <blockquote cite> <code> <ul type> <ol start type> <li> <dl> <dt> <dd> <h2 id> <h3 id> <h4 id> <h5 id> <h6 id>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.
  • Web page addresses and email addresses turn into links automatically.