Тұмаудың алдын алу

Университеттің Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректораты мен медициналық қызметі студенттердің, профессор-оқытушылардың салауатты өмір салты мәселелеріне байланысты медицина өкілдерімен «Тұмаудың алдын алу» тақырыбында кездесу өткізді.

Аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының меңгерушісі Джантуреева Клара Еркінқызы мен аудандық нарколог дәрігер Нуралиева Салтанат тұмаудың алдын алу тақырыбында баяндама жасап, вирустық жұқпалы аурудың алдын алу туралы кеңестерімен бөлісті.

«Тұмау – респираторлы вирустық инфекциялар тобына жататын жұқпалы ауру. Тұмаумен ауыру басқа респираторлық инфекцияларға қарағанда ауыр. Тұмау созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Тұмаудың өзі емес, оның асқынуы адамды мүгедектікке немесе өлім-жітімге алып келуі мүмкін», - деген дәрігер Клара Еркінқызы тұмаудың асқынуы, қауіпті топтары мен белгілері, спецификалық және спецификалық емес профилактикасы жөнінде айтып өтті.

Кездесу барысында дәрігерлер тұмаудың алдын алудағы қарапайым кеңестерімен, яғни гигиеналық ұстанымдар, үй жағдайындағы жуа мен сарымсақты, адыраспанды пайдалану, жылы киіну, дұрыс тамақтану т.б. профилактикалық жолдарымен таныстырды.

Ең бірінші байлығымыз денсаулық екені баршамызға аян. Сондықтан денсаулықты нығайта түсу – бүгінгі күннің басты талабы.

Баспасөз қызметі.