1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ: БІРЛІК ПЕН РИЗАШЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Ж.А.Ташенев атындағы университетінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл күн – Қазақстан халқы үшін ерекше мәнге ие, өйткені ол татулық пен өзара құрметтің, тарихымызға деген тағзымның белгісі.
Бұл күн еліміздің көпұлтты халқының бір-біріне деген шынайы ризашылығын білдіретін, Қазақстан қоғамындағы бірлік пен келісімді нығайтатын маңызды мереке. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен 2016 жылдан бері аталып өтетін бұл мейрам – тарихи жадымызды жаңғыртып, ата-бабаларымыздың бірлігінің арқасында жеткен жетістіктерімізді бағалайтын күн.
Ж.А.Ташенев атындағы университетте ұйымдастырылған салтанатты жиын барысында студенттер мен оқытушылар бір-біріне ризашылық білдіріп, алғыс сөздерін айтты. Іс-шараны «Мектепке дейінгі оқыту және психология» кафедрасы ұйымдастырды, олар Алғыс айту күнінің маңыздылығын насихаттауға және жастар арасында бірлік пен татулықты нығайтуға ерекше мән берді.
Университет проректоры Ғалымжан Шәмшідінұлы Битұрсын мерекенің маңыздылығын атап өтіп:
"Алғыс айту күні – бұл тарихқа тағзым, ортақ құндылықтарды құрметтеу, бір-бірімізге қолдау көрсетудің айқын көрінісі. Біз бүгін ата-бабаларымыздың бауырмалдығы мен жанашырлығы арқасында бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанымызды еске аламыз. Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің елі, ал біз сол бірлікті сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл мереке – жүректерді жақындастыратын, алғыс пен мейірімге толы күн. Әрқайсымыз өзімізді тәрбиелеген ата-анамызға, білім нәрін сепкен ұстаздарымызға, жақындарымызға алғыс айтуды ұмытпауымыз керек. Ризашылық білдіру – тек сөз емес, бұл – сыйластықтың, бірліктің белгісі. Бүгінгі шара баршамыздың жүрегімізге жылу сыйлап, қоғамымыздың одан әрі нығаюына үлес қосады деп сенемін," – деп атап өтті.

Өзара алғыс – ел болашағының кепілі
Шара барысында студенттер шығармашылық қойылымдар көрсетіп, ұлттық дәстүрлерге негізделген театрландырылған көріністер мен музыкалық нөмірлерді орындады.
Педагогика және жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Амангелді Алтыбайұлы Мамыт да құттықтау сөз сөйлеп:
"Біз тек білім беріп қана қоймай, студенттерімізді адамгершілік пен рухани құндылықтарға баулуға тырысамыз. Алғыс айту күні – осы құндылықтардың жарқын көрінісі. Ризашылық білдіру – бұл тек сыпайылық қана емес, адамның жан дүниесінің байлығы. Алғыс – татулық пен ынтымақтастықтың негізі. Әрқайсымыз ұстаздарымызға, ата-анамызға, достарымызға, жалпы айналамыздағы адамдарға ризашылығымызды білдіре отырып, қоғамдағы жылулық пен сенімділікті арттырамыз," – деп атап өтті.

Жүректерге жылу сыйлаған мереке
Алғыс айту күні – ортақ тарихымызды құрметтеу, болашаққа сеніммен қадам басу күні. Университет қабырғасында өткен бұл ерекше мереке студенттер мен оқытушыларға мейірім мен ризашылықтың маңыздылығын ұғындырды.
Алғыс айту күні – еліміздегі өзара сыйластық, мейірімділік пен бірлікті дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн Қазақстанның көпэтносты халқы үшін тарихи тағдыр ортақтығын, қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетудің маңыздылығын еске салады. Тарихтың ауыр сынақтарына қарамастан, қазақ халқы өз жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, барымен бөлісіп, қолдау көрсетті.
Идеологиялық тұрғыдан қарағанда, бұл күн – елдегі түрлі этностардың қазақ халқына деген алғысын білдіруімен қатар, Қазақстан қоғамындағы татулық пен ынтымақтастықтың маңызды құндылық екенін көрсетеді. Бүгінде әрбір этнос өкілі осы дәстүрді жалғастырып, ұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосуда.
Алғыс айту күні – Қазақстанды өз Отанына айналдырған әр халықтың достық пен бейбітшілікті сақтау жолындағы ортақ мейрамы. Бұл мереке – көпұлтты қоғамымыздың өзара құрмет пен сенімге негізделген ажырамас бірлігін нығайтуға бағытталған.
 

Оқиға категориялары