Болашақтағы білім беру

Рухани жаңғыру – білім беру көкжиегі, айрықша мүмкіндіктер кеңістігі, қоғамдық сананы өзгерту бағытындағы инновациялық серпіліс.

"Сырдария" университеті ғылымның бірнеше бағытындағы теориялық және тәжірибелік міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауқымды интеграцияларды қолға алып келеді. Соның бір көрінісі – І халықаралық форум. 2017 жылдың 14-қазанында Ресей, Тәжікстан және отандық жоғары оқу орындарының басшылары бас қосқан "Болашақтағы білім беру" І халықаралық форумында оқу үдерісіндегі өзекті мәселелер сөз болып, меморандумға қол қойылды. Университеттің 20 жылдығына орай өткізілген форумның басты ерекшелігі – Оңтүстік Қазақстан ЖОО арасында халықаралық деңгейде болып жатқан алғашқы қадам.

"Болашақтағы білім беру" форумына Пенджикент педагогикалық институтының ректоры, ф.ғ.д., профессор Ансоров Муаззам-Кудротзодо (Тәжікстан), "Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университеті" Федералдық мемлекеттік білім беру мекемесі Омбы филиалының ғылым жөніндегі директордың орынбасары, э.ғ.к., доцент Хаиров Бари Галимович (Ресей), Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры, тех.ғ.д., профессор Қорғанбаев Бауыржан Ноғайбайұлы (Қазақстан), Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры, ф.ғ.д., профессор Боранбаев Сандыбай Режапұлы, Шымкент университетінің Ғылыми істер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, х.ғ.к., доцент Шингисбаев Бахитжан Маликович қатысты. Форумның алғашқы бөлімінде келген қонақтар мен қатысушылар баяндама жасап, өтіп жатқан шараның маңызы ерекше екенін атап өтті. Университет ректоры п.ғ.к., доцент С.С. Дайырбеков: "І халықаралық форум – алғашқы қарлығаш десек болады. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысының жоғары оқу орындары бойынша алғаш өткізіліп отырған шара. Бұл форумның мақсаты – халықаралық білім берудің бірыңғайлығын қалыптастыру және сапалы білімге қол жеткізу. Әлемде болып жатқан түрлі ахуалдарға тек білім арқылы тосқауыл қоя аламыз.

Форумға Тәжікстан Республикасы жоғары оқу орнының көшбасшысын шақыруымыздың тағы бір себебі, Мақтарал ауданында 30 мыңнан астам тәжік ұлты тұрады, оларды тарихи отанының тынысымен таныстыру. Әрбір ұлттың түп-тамыры болады. Сол түп-тамырымызды ұмытпауымыз керек. Сондықтан бүгінгі форумға тәжік ұлтының өкілдерін шақырып отырған жайымыз бар", - деп, алғашқы сөз тізгінін шетелдік қонаққа берді.

Ф.ғ.д., профессор Ансоров Муаззам-Кудротзодо халықаралық форум өткізіп отырған университетке, университет құрылтайшысы мен басшылығына алғысын білдіре отырып: "Тәжікстан Республикасы мен Қазақстанның білім беру жүйесі тығыз байланыста. Соның ішінде "Сырдария" университетін айрықша атап өткім келеді. Оқу орының магистранттары біздің университетте болды.

Әлемдік тәжірибе мен білімді дамыту мақсатында 8 бағыт бойынша PhD мамандықтарын аштық. Осыған орай Қазақстанның жоғары оқу орындарында кафедралар ашу мақсаты бар. Әлемдік білім беру жүйесіндегі жобаларды біріктіріп, дамытуды қолдаймыз. Біздің профессор-оқытушылар, магистранттар, студенттер Сіздермен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр", - деді.

Бұдан кейін форум спикерлері арнайы аудиторияларда мамандық студенттеріне дәріс оқып, университет музейіне, қолөнер көрмесіне, робототехника кабинетіне, электронды кітапхана мен спорт залдарына, инновациялық зерттеу орталығына экскурсия жасады.

Сонымен қатар, І халықаралық форумның аясында ұйымдастырылған жас ғалымдар мен студенттердің, оқушылардың инновациялық жобалар байқауы, үздік оқу-әдістемелік кейстерінің конкурсы бойынша жұмыстар тыңдалды.

Айтулы шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Профессор Бөрі Исаның жетекшілігіндегі "Жетісай сазы" оркестрі "Егемен Қазақстан", "Адай" күйлерін музыкалық аспаптарда ойнатса, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сұлтан Сапарқұлов оркестрдің сүйемелдеуімен "Айттым салем Қаламқас", "Сыған серенадасы" әндерін орындады. Музыкалық білім мамандығының күміс көмей студенттері Орынбай Әділбек, Асқар Азаматбек, Серік Ердәулет әннен шашу шашып, көрерменнің ықыласына бөленді. Саз ырғағымен мың бұрала билеген "Назерке" би тобының арулары "Қазақ биін" назды қимылдарымен өрнектесе, "Музыкалық білім" мамандығының оқытушылары Жолдыбаева Қарлығаш "Мұңайма", Қаракүшікова Гүлмира "Қобыз" композицияларымен салтанатты кешті жарқырата түсті. "Сырдария" университетінің символына айналған жайдарманшылар әзіл-қалжыңымен көрерменді көңілдендіріп, күлкі сыйлады. Кәсіптік оқыту және дизайн мамандықтарының ұлттық нақыштағы сән үлгілері көрсетілді. Форум қонақтары мен қатысушыларына сазды, әуенді мерекелік кеш ұйымдастырған "Өнер" факультетінің деканы, аға оқытушы, доцент Сапарбаева Ұлданай Әлібекқызының еңбегі ерекше болды.

Салтанатты кеш барысында конкурс жеңімпаздары дипломдармен марапатталды.

"Ғылыми инновациялық жобалар" байқауы бойынша:

І орын – Қарсыбай Байболат (Б.Момышұлы атындағы МГ);

ІІ орын – Смайл Гүлназ (С.Ерубаев атындағы ЖОМ);

ІІІ орын – Тұрғанбек Ердәулет (М.Шоқай атындағы ЖОМ).

"Үздік ғылыми еңбектер" бағыты бойынша:

І орын – ф.ғ.к., доцент Абенова Л.У;

ІІ орын – аға оқытушы, доцент Сапарбаева У.Ә;

ІІІ орын – аға оқытушы, доцент Исаева К.Ә;

"Үздік оқытушылардың мастер-кластары және үздік әдістемелік кейстер" бағыты бойынша:

І орын – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі У.Райымбекова (Тұран ЖОМ);

ІІ орын – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А. Пазылова (Дарын мектеп-интернаты);

ІІІ орын – бастауыш сынып мұғалімі Б.Базарқұлова (М.Шоқай атындағы ЖОМ).

"Үздік көрме" конкурсы бойынша:

І орын – Диз-15 тобының студенті М. Мұстафа;

ІІ орын – Диз-14 тобының студенті Ж.Бақтыбаева;

ІІІ орын – Диз-17 тобының студенті Б.Әлтаева.

Ерекше атап өтетін жайт – халықаралық деңгейдегі меморандумның қабылдануы. Мұнымен бірге университеттер арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу, академиялық ұтқырлық, біліктілік тәжірибелері бойынша келісімшарттар жасалды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы және оқу орнының 20 жылдық мерейтойы аясында өткізілген ауқымды жұмыс мұнымен шектелмейді. Әлемдік бәсекелестік заманында нәтижелі көкжиектерге бастайтын сергектік пен серпіліс керек. Ал жоғары оқу орындары қоғамдағы қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күші бола отырып, түсіндіруден әрекетке көшуді басты мақсат етпек.

Нағима Қыдыргелдіқызы,

"Сырдария" университетінің баспасөз хатшысы.