Тәуелсіздіктен тағылым алу

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Тәуелсіздіктің отыз жылдық торқалы тойын  атау қарсаңында туған халқыммен ой бөлісуді жөн көріп,  «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын жариялады. «Орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстанның»  сан ғасырлық тарихи жолына  тоқталып,  қандай үлкен белес,  асқаралы  асуларды бағындырғанын сипаттап өтеді. 
Мұндай жанкештілікке  тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алатындығын баян етеді: «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды». 

Сондай-ақ, мақалада Елбасы Азат еліміздің жастары  білуге тиіс дүние -  туған халқының тәуелсіздікке барар жолының қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтарды бастан өткізгендігі  туралы сыр шертеді: 
- бірінші дүниежүзілік соғыс, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы, отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы;  
- бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы;
- ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-1922 жыл мен 1930-1932 жылдардағы сұрқия саясат;
-  отызыншы жылдар соңындағы сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кеткенін;
- адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыс - Ұлы Отан соғысы,  оның қаһарлы күндері; 
- тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы.
Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Елбасының: «Қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған». «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық»  дейтіні   осыдан.

Тұңғыш Президент:  «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік - сол киелі қанның өтеуі.  Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын»... 
«Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан  дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт» екендігін бағалай білу керектігін  шегелей түседі.
 Йә,  бақыт сияқты Тәуелсіздік те бағалаған жан мен  аялаған қоғамның қолында тұрақтайды. 
Елбасы  мақалада «Тәуелсіз елдің басты байлығы – адам» екендігін басты  ұстаным етіп, Тәуелсіздік жолында  өз білімі мен тәжірибесін  аямай еңбек еткенін, отыз жылға жуық ел басқарған кезінде  жанына қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиелегенін және  солардың ішінде үлкен сеніммен ел тізгінін жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ұсынғанын бүкпесіз ашық айта білді. 
Біз де өз тарапымыздан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың:  «Тәуелсіздік  - мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс! «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек»,  - деген  пікірімен  ойымызды  түйіндейміз.


Ләззат Абенова –  
«Сырдария» университеті