"Әліппе" авторы бізде қонақта!

Университетімізге "Әліппе" оқулығының авторы, Абай атындағы қазақ ұлттық педогогикалық университетінің "Бастауыш білім беру " кафедрасының меңгерушісі , «Бастауыш білім беру бағдарламалары» кәсіби даярлау бөлімінің жетекшісі, п.ғ.д, профессор Азия Жұмабаева келді.
Азия Елеупанқызының университет қабырғасында өткізетін біліктілікті арттыру курсына Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары және мектеп мұғалімдері жиналды.
Ғылыми байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған басқосуда сөз алған Ж. Ташенев атындағы университет ректоры Қ. Байболов 95 жылға жуық тарихы бар еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасы болып табылатын, педогогтарды даярлаудың ұстаханасы саналатын, білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келе жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұстаздарының өзге жоғары оқу орындары оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне берер жаңаша әдістемесі әлі де жалғаса беретінін еске салды.
«Кез келген білім беру бағыт-бағдары бойынша ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы білімнің арқасы. Сондықтан балаға білімді мұғалім қалай үйретіп шығарса оқушы сол бағыт бойынша жетіледі. Әріптесіміз Азия Елеупанқызы педогогикалық білім алып жатқан жастарымыздың қандай бағытта келе жатқанын көріп, жалпы педогог мамандарды заманауи тұрғыдан қалай оқыту қажеттегін түсіндіріп, тәжірибесімен бөліспек. Біліктілікті арттыру курстарына біздің ұстаздарымыз да қатысып, үлкен тәжірибе жинайды деген үміттеміз, сәттілік тілейміз» -деді Қанат Сейітжанұлы.
Ал, "Әліппе" оқулығының авторы Азия Жұмабаева бастауыш білім беруде мұғалімдерді қайта даярлаудың өзекті екеніне, себебі көптеген ұстаздың әрбір пәннің әдістемелік ерекшеліктерін айыра алмай жататынын атап өтті. «Әрбір оқулықтың авторы «Оқулық қандай әдістемелік ақпаратпен құнды?», «Қандай әдістемелік ерекшеліктер бар?» деген тақырыптар аясында мұғалімдерге кең ауқымда түсіндіріп жұмыс жүргізетін болса нәтижесін береді деп ойлаймын. Мақсатымыз да былтырғы оқу жылынан бастап қолданысқа енген жаңа әліппенің әдістемелік ерекшеліктерін бастауыш сынып мұғалімдеріне түсіндіру, оларды жан жақты әдістемемен қаруландыру»,--деген Азия Елеупанқызы жаңа Әліппенің ерекшеліктеріне, мазмұнының маңыздылығына тоқталды.
Шара одан ары «Сапалы білім берудегі инновациялық тәсілдемелер» атты біліктілікті арттыру курсына жалғасты.
 

Оқиға категориялары