«Алтын қор» жастар форумы

"Сырдария" университетінің студенттері «Алтын қор» жастар форумына қатысып, сертификаттарға ие болып қайтты.
Мәуелі жас ағашты баптағанда ғана оның жайқалып, түзу өсетіні секілді, қанатын жаңа қаққан жастарға да ел жанашырлары жол сілтеп, мемлекеттің саясатына араласуға мүмкіндіктер жасауы қажет. Халқымыздың баянды болашағын тек белсенді жастардың талапты талпынысына жол ашып, бойына ұлтжандылық сезімін ұялатып, салауатты өмір салтын насихаттап, саяси көзқарасын дамыту арқылы көруге болатындығы тасқа таңба басқандай айқын.

Осыны көре білген Елбасы өзінің жолдауында: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ер жетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деп пайымдаған. Сондықтан, мәңгілік елдің арайлы таңдарының есігін ашу тек белсенді жастардың қолында.
Елбасының осындай салиқалы саясатын негізге ала отырып, облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма үстіміздегі жылдың 27-29 қазан күндері Түлкібас ауданының «Таң нұры» лагерінде «Алтын қор» жастар форумын ұйымдастырды. Форумда «Алтын қорға» кадрлық резервті жасақтау мақсатында оқу семинарлары мен тренингтер өтті. Оған облысымыздағы ЖОО-ның үздік бітірушілері мен белсенді студенттері жиналды. «Сырдария» университетінің бітіруші он студенті ұйыдастырылған семинар-тренингтер мен спорттық сайыстарға белсене қатысып, сертификаттарға ие болып қайтты.
Форумның нәтижесінде студенттер Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің тамырын тереңдететін, халық мүддесін бірінші орынға қоятын, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін алып ұландары болуға бар күштерін жұмсайтындығына сөз берді. Ендеше, іске сәт, ұлы дала жастары!

Оқиға категориялары