ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
background

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

2026-02-27

Медиатека / Жаңалықтар / ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студент жастарымен кездесті. Жиын барысында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясында Жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды.

Кездесуді университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Сейітжанұлы Байболов жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы, ҚР Ардагерлер ұйымының төралқа мүшесі, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев Конституцияның тарихи маңызы мен құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
💬 – Конституция – мемлекеттің тұғыры, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты құжат. Әр кезеңнің өз талабы бар. Бүгінгі жаңару үдерісі – уақыт сұранысынан туындаған заңды қадам, – деді Б. Тұрғараев.
Одан кейін сөз алған университеттің вице-ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Қасымбекқызы Рысбекова Конституцияның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
💬 – Конституция – құқық үстемдігінің кепілі. Жаңа редакция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті қоғам құруға бағытталған нақты тетіктерді айқындайды. Сонымен қатар, Ата Заңда неке ерікті түрде ер мен әйелдің одағы ретінде бекітілуі отбасы институтын нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады, – деді Ж. Рысбекова.
«Экономика және құқық» факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Альмара Еркінқызы Наурызбаева экономикалық тұрақтылық мәселесіне назар аударды.
💬 – Заң үстемдігі мен саяси тұрақтылық – ел дамуының негізі. Жаңа Конституция экономикалық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
«Құқық және бизнес» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Рафханұлы Бижан құқықтық мәдениеттің маңызын атап өтті.
💬 – Құқықтық мемлекет құру – ортақ жауапкершілік. Заңды құрметтеу мен оны бұлжытпай орындау – қоғам дамуының басты шарты, – деді Н. Бижан.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Тұрарқызы Жантасова Ата Заңның рухани мазмұнына тоқталды.
💬 – Конституция – елдік сананың айнасы. Онда ұлттық құндылықтар мен қоғамдық келісім қағидаттары айқын көрініс табуы тиіс, – деді ол.
Студенттік проректор Шұғыла Ибрагим жастардың ұстанымын білдірді.
💬 – Жастар үшін Конституция – мүмкіндік пен жауапкершілік құжаты. Біз әділетті, білімді әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды қолдаймыз, – деді Ш. Ибрагим.
Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары қолданыстағы Конституцияның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңінде елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
– Ата Заң осы уақытқа дейін өзіне жүктелген тарихи миссияны толық орындады. Қазіргі кезеңде қоғам мен мемлекеттің даму талаптарына сай, мемлекеттілікті одан әрі нығайтып, заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туындап отыр, – деді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ ол Жаңа Конституция жобасында ұлттық мүдде мен ұлттық ерекшеліктерге айрықша мән берілгенін жеткізді.
– Құжатта әділеттілік пен теңдік қағидаттарын басшылыққа алатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалар көзделген, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Жиын соңында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, университет ұжымы мен студенттер атынан Ляззат Абенова республикалық референдумды қолдауға арналған Үндеуді жария етті.

Басқосу қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция қағидаттарын қолдап, Әділетті, Зияткер, Қуатты Қазақстанды бірге құруға шақырды.