ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
2026-02-27
Mediathek / News / ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК Ж.А.ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студент жастарымен кездесті. Жиын барысында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясында Жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды.
Кездесуді университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Сейітжанұлы Байболов жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы, ҚР Ардагерлер ұйымының төралқа мүшесі, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев Конституцияның тарихи маңызы мен құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Одан кейін сөз алған университеттің вице-ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Қасымбекқызы Рысбекова Конституцияның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
«Экономика және құқық» факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Альмара Еркінқызы Наурызбаева экономикалық тұрақтылық мәселесіне назар аударды.
«Құқық және бизнес» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Рафханұлы Бижан құқықтық мәдениеттің маңызын атап өтті.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Тұрарқызы Жантасова Ата Заңның рухани мазмұнына тоқталды.
Студенттік проректор Шұғыла Ибрагим жастардың ұстанымын білдірді.
Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары қолданыстағы Конституцияның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңінде елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
– Ата Заң осы уақытқа дейін өзіне жүктелген тарихи миссияны толық орындады. Қазіргі кезеңде қоғам мен мемлекеттің даму талаптарына сай, мемлекеттілікті одан әрі нығайтып, заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі туындап отыр, – деді Сәрсен Құранбек.
Сондай-ақ ол Жаңа Конституция жобасында ұлттық мүдде мен ұлттық ерекшеліктерге айрықша мән берілгенін жеткізді.
– Құжатта әділеттілік пен теңдік қағидаттарын басшылыққа алатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалар көзделген, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Жиын соңында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, университет ұжымы мен студенттер атынан Ляззат Абенова республикалық референдумды қолдауға арналған Үндеуді жария етті.
Басқосу қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция қағидаттарын қолдап, Әділетті, Зияткер, Қуатты Қазақстанды бірге құруға шақырды.














