Білім беру мен бизнестің диалогы: жеңіл өнеркәсіп салалық Альянсын құру
2026-01-12
Медиатека / Жаңалықтар / Білім беру мен бизнестің диалогы: жеңіл өнеркәсіп салалық Альянсын құру
Білім беру мен экономиканың нақты секторлары арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында Ж.А. Ташенев атындағы университет Жеңіл өнеркәсіп салалық альянсын құру жұмысына белсенді түрде қатысуда.
Осы бастама аясында Шымкент қаласында білім беру ұйымдары мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған жұмыс кездесуі өтті. Кездесу Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылып, ашық диалог пен тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.
2026 жылғы 9 қаңтарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өткен кездесуге жеңіл өнеркәсіп және аяқ киім өндірісі саласындағы кәсіпорын өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары мен оқытушылары қатысты.
Ж.А. Ташенев атындағы университет атынан іс-шараға:
• «Дизайн және мода» кафедрасының меңгерушісі Ким И.С.;
• «Дизайн және мода» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Джанпаизова В.М.;
• «Дизайн және мода» кафедрасының аға оқытушысы Рахманқұлова Ж.А.;
• «Креативті индустрия» ЖШС директоры, іс-шараны ұйымдастырушы Байтелиева Ж.Е. қатысты.
Кездесу барысында салалық альянсты құрудың негізгі мақсаттары, білім беру мен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, кадр даярлаудың өзекті бағыттары, дуальды оқытуды енгізу және білім беру бағдарламаларының практикалық бағытын күшейту мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында «Дизайн және мода» кафедрасының меңгерушісі Ким И.С. салалық альянстың маңыздылығына тоқталды:
«Салалық альянс – бұл білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін тиімді платформа. Мұндай серіктестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға, ал кәсіпорындар үшін – білікті әрі дайын кадрлар даярлауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Жеңіл өнеркәсіп салалық альянсын құру білім беру ұйымдары мен бизнес-қоғамдастық арасында тұрақты серіктестік орнатуға, еңбек нарығының нақты сұраныстарына жауап беретін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашады.
Ж.А. Ташенев атындағы университет алдағы уақытта да «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды іске асыруға, салалық альянстарды дамытуға дайын екенін білдіреді.




