TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
2025-10-14
Медиатека / Жаңалықтар / TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
2025 жылғы 14 қазанда Ж.А.Ташенев атындағы университеттің «Ақ үй» студент жастар орталығында Абай ауданының ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Жасанды интеллект және тәлімді тәрбие» атты семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға қалалық ардагерлер ұйымының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ҚҰРАЛ, АЛ НАҚТЫ ИНТЕЛЛЕКТ – АДАМНЫҢ ӨЗІ
Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев өз сөзінде ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына тоқталып, жастарға бағытталған үндеу жасады:
«Жасанды интеллект – құрал ғана. Ал нақты интеллект – адамгершілік, мейірім мен жауапкершілікте. Жаңа технологияларды меңгере отырып, ұрпақтарымыз ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті ұмытпауы қажет», – деді ол. РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ДАҒДЫ – БІР-БІРІН ТОЛЫҚТЫРАТЫН ҰҒЫМ
Семинардың модераторы, Ж.А.Ташенев атындағы университеті АҚ Басқарма мүшесі, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ғалымжан Шамшидинұлы Битұрсын өз сөзінде:
«Жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек, бірақ ол рухани құндылықтардың орнын баспауы тиіс. Университеттің басты міндеті – цифрлық сауатты ғана емес, адами қасиеттері жоғары тұлға тәрбиелеу», – деп атап өтті. СЕМИНАРДЫҢ МАЗМҰНДЫ БӨЛІГІ
Семинар барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында көтерілген адами капиталды дамыту мәселелерін, ұлттық тәрбие мен заманауи технологияларды ұштастыру жолдарын талқылады.
Кездесуде келесі спикерлер мазмұнды баяндамалар жасады:
* ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Мұханбетжан Есқара;
* Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, т.ғ.к., доцент Гүлжан Сүгірбаева;
* филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Амангелді Мамыт;
* тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сапарбек Сахов;
* ҚР Жазушылар одағының мүшесі, қауымдастырылған профессор Зылиха Жантасова;
* Ұлттық құндылықтар академиясы Шымкент филиалының төрайымы Әбила Көздібаева;
* Абай ауданы Ынтымақ шағын ауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әділбек Ақмұрзин.
ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Шара соңында қатысушылар жас ұрпақтың рухани дамуы мен цифрлық сауаттылығын қатар жетілдірудің маңызын атап өтті. Tashenev University білім мен тәрбиені, инновация мен дәстүрді ұштастыратын білім ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



