Tashenev University-де халықаралық делегациямен кездесу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Медиатека / Жаңалықтар / Tashenev University-де халықаралық делегациямен кездесу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Бүгін Tashenev University-де Өзбекстан, Түркия және Үндістаннан келген мәртебелі делегациямен кездесу өтті. Делегация құрамында халықаралық журналист және аудармашы Асрор Аллаёров (Өзбекстан), Ниğде университетінің докторы Мустафа Коркмас (Түркия), Джавахарлал Неру университетінің Персия және Орталық Азияны зерттеу орталығының жетекшісі Ахлак Ахмад Ахан (Үндістан), сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Хамраева Хулкар Хамидуллаевна (Өзбекстан Мемлекеттік хореография академиясы) болды.
Қонақтарды университет ректоры Канат Байболов жылы қарсы алып, тараптар ғылым, білім және мәдениет саласындағы өзара серіктестікті дамыту бағыттарын талқылады.
«Tashenev University бүгінде халықаралық деңгейдегі заманауи оқу орны ретінде қалыптасып келеді. Біз білім беру сапасын арттырумен қатар, шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатуға баса назар аударамыз. Әсіресе тіл және мәдениет саласындағы ынтымақтастық — біздің басты басымдығымыздың бірі», — деді ректор Канат Байболов.
Университет құрамындағы Дүниежүзі тілдері институты аймақтағы жетекші тіл орталықтарының бірі болып табылады. Институттың жеке оқу корпусы бар, мұнда қазақ, өзбек, орыс, ағылшын, түрік, қытай және парсы тілдері оқытылады. Бағдарламалар студенттерге тек тіл меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар сол елдердің мәдениеті мен дәстүрін терең тануға мүмкіндік береді.
«Біз тіл арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты дамытамыз. Көптілді білім беру — университетіміздің стратегиялық бағыты», — деп атап өтті ректор.
Кездесу барысында Tashenev University мен Үндістанның Джавахарлал Неру университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі оқу орны арасындағы ғылыми зерттеулерді, студенттер мен оқытушылар алмасуын, сондай-ақ бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруды көздейді.
Үндістандық профессор Ахлак Ахмад Ахан өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени және академиялық байланыстың болашағына жоғары баға берді:
«Қазақстан мен Үндістанды тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Мен Tashenev University-дегі көптілді білім беру жүйесіне және университеттің даму жоспарына ерекше тәнті болдым. Бұл ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді ол.
Кездесу соңында делегация мүшелеріне университеттің даму және инфрақұрылымды жаңғырту жоспары таныстырылып, өзара сый-сияпаттар табысталды.
Бұл кездесу мен меморандумға қол қою — Tashenev University үшін халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп, әлемдік білім беру кеңістігінде беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.





