🔹 TASHENEV UNIVERSITY DIGITAL BRIDGE 2025 ФОРУМЫНДА ТӨРТ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ🔹
2025-10-06
2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астанада өткен халықаралық Digital Bridge 2025 форумына Tashenev University атынан вице-ректор Жанар Рысбекова, аппарат басшысы Камилла Сугирбекова, IT және жаратылыстану ғылымдары факультет деканы Даулет Душабаев пен Жасанды интеллект орталығының басшысы Арыстан Садуақас қатысты. Форум алаңында университет өкілдері төрт ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Қол қойылған меморандумдар:
Astana Hub — Tomorrow School жобасын іске қосу және акселерациялық бағдарламаларды дамыту;
ЧК The Game — «Қаржылық менеджмент» онлайн курсын әзірлеу және эндаумент-қорлар әдістемесін енгізу;
Astana IT University — гранттық жобалар, ғылыми мақалалар және қос диплом бағдарламалары (ҚДБ);
Yessen & Company — Erasmus+ аясында аутизм тақырыбы бойынша әлеуметтік платформа құру.
Digital Bridge 2025 форумы — білім берудің болашағы мен цифрлық трансформация тақырыбындағы басты халықаралық алаң. Биылғы басқосудың негізгі бағыты — BigTech пен жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің рөлі, академиялық адалдық, адам капиталының дамуы және педагогтарды цифрлық өзгерістерге бейімдеу болды.
Халықаралық сарапшылар атап өткендей, қазіргі оқушылардың 60%-ы болашақта бүгінде жоқ мамандықтарда жұмыс істейтін болады.
Білім сапасын арттырудың екі негізгі бағыты аталды:
Бірінші бағыт — функционалды білім мен PISA стандарттарына сай ойлау дағдыларын дамыту.
Маман пікірінше, білім беру жүйесі енді тек есте сақтау емес, талдау, саралау және қолдану қабілеттерін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл халықаралық бағалау жүйесінде (PISA) елдің адами капиталының сапасын көрсететін басты көрсеткішке айналған.
Екінші бағыт — технологияға ерте жастан бейімдеу тәжірибесі.
Корея, Жапония және Эстония сияқты технократ елдерде балалар мектептен бастап цифрлық сауат пен алгоритмдік ойлауды меңгереді. Мұндай тәсіл жас ұрпақтың инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды еркін игеруіне мүмкіндік береді.
AI Sana — жасанды интеллект экожүйесі
Форум аясында ерекше қызығушылық тудырған жобалардың бірі — AI Sana ұлттық бастамасы. Бұл экожүйе студенттерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуді, AI-агенттер мен бұлтты шешімдерді енгізуді, AI Sana Talks және акселерациялық жобаларды дамытуды көздейді.
«Digital Bridge — бұл технология ғана емес, білім мен адами капитал сапасын арттыру алаңы. Форум нәтижесінде жасалған серіктестіктер студенттерімізге халықаралық жобаларға қатысып, тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді»,
— деді Tashenev University вице-ректоры Жанар Рысбекова.




