
TASHENEV UNIVERSITY: Бірінші курс студенттері білім кілтін және студенттік билеттерін алды
3 қыркүйек күні Tashenev University қабырғасында Білім күні мен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн – мыңдаған студент үшін ерекше, себебі олар үлкен өмірге қадам басып, студент атанды. Мерекелік шара барысында «Шамсинур» би ансамблі, «Баян сұлу» триосы және дарынды студенттер өнер көрсетті. Сахна төрінде құттықтаулар айтылып, үздік ұстаздар мен қызметкерлер марапатталды, докторантураға түскен әріптестердің жетістіктері атап өтілді. Шараның ең басты сәті – студенттік билеттер мен білім кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі болды. Университеттің басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының Құрметті азаматы Оңалбай Аяшев студенттерге ыстық ықыласын білдірді: 💬 «Бүгін сіздер жаңа өмірлік кезеңге қадам басып отырсыздар – Tashenev University үлкен отбасының бір бөлігіне айналдыңыздар. Біздің университет әрдайым білімнің, ғылым мен руханияттың ордасы болып қала береді. Әрқайсыңыз өз жолыңызды тауып, үлкен жетістіктерге жететініңізге сенемін. Біз сіздердің бастамаларыңызды қолдап, әрқашан жандарыңыздан табыламыз». Салтанатты жиында университеттің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаздар мен қызметкерлер марапатталды. 🎉 Марапатталғандар қатарында: • Шаруашылық мәселелер жөніндегі департамент директоры – Аяпов Аким Серикбаевич, • Оқу ғимаратының администраторы – Алданазарова Махаббат Рахматуллаевна, • «Дене шынықтыруды оқытудың теориясы мен әдістемесі» кафедра меңгерушісі – Туребеков Биржан Анарбекович, • «Дене тәрбиесі және спорт» факультет деканы – Мырзабек Лесбек Әліпұлы, • Бас инженер – Жумабаев Дархан Жиенбаевич, • Coworking-ғылыми орталығының директоры – Исмайлова Мереке Ережепқызы, Сонымен қатар, марапатталғандардың қатарында университеттің қабылдау комиссиясының мүшелері де бар. Бұл марапаттар – ұжымның бірлескен еңбегіне берілген жоғары баға. ✨ Биыл университет қатарына 2223 студент қабылданды. Олардың ішінде 155 мемлекеттік грант иегері, сондай-ақ университеттің бастамасымен берілетін «Тәшенев тартуы» ішкі грантының жеңімпаздары бар. Аталған грант иегерлерінің бірі, шетел тілі мамандығының 1-курс студенті Сымбат Тұрлыбек өз әсерімен бөлісті: 💬 «Мен үшін Tashenev University-де оқу – үлкен арманның орындалуы. «Тәшенев тартуы» гранты – тек материалдық қолдау ғана емес, зор жауапкершілік. Бұл маған білімге деген ынтамды арттырып, сенімділік берді. Университеттің сенімін ақтау – басты мақсатым». Салтанат соңында халықаралық байқаулардың лауреаты, «Х-фактор» жобасының жеңімпазы Астана Қарғабай «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, мерекеге ерекше сән берді. 3 қыркүйек күні өткен бұл іс-шара жаңа өмірге қадам басқан студенттер үшін жарқын бастау болса, Tashenev University үшін білім мен мәдениеттің, ғылым мен шығармашылықтың ордасы екенін тағы бір мәрте айқындады.