
🎓 TASHENEV UNIVERSITY ҚАЛАНЫҢ ОРТАСЫНДА ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫН АШТЫ
2025-09-02
Шымкентте Ғани Иляев көшесінде орналасқан Tashenev University-дің жаңа оқу корпусы салтанатты түрде ашылды. Жаңа корпус университеттің дамуы мен студенттер үшін мүмкіндіктерді кеңейтудегі маңызды қадам болып табылады. Заманауи үш қабатты ғимарат кең әрі жайлы аудиториялармен жабдықталған. Бұл жаңа корпустың базасында тек әлем тілдері факультеті жұмыс істейді. Мұнда студенттер ағылшын, француз, неміс және басқа да шет тілдерін меңгереді. Бүгінде факультетте 1500-ден астам студент білім алуда. Сонымен қатар, университетте қазақтанушыларды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта қазақ тілін өзге әлем тілдерімен қатар дамыту мақсатында екітілді және үштілді білім беру бағдарламалары кеңейтілетін болады. Ашылу рәсіміне студенттер, оқытушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қызыл лентаны қию құрметі университеттің вице-ректоры Жанар Рысбековаға және академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Парида Байнееваға берілді. Tashenev University Басқарма төрағасы Оналбай Аяшев атап өтті: 💬 «Біз жаңа ғимаратты ғана ашып отырған жоқпыз — біз білім, қарым-қатынас пен дамуға арналған кеңістік құрып жатырмыз. Әсіресе, бұл жерде болашақ тіл мамандары даярланатыны аса маңызды. Біздің студенттер ағылшын, француз, неміс және басқа да тілдерді заманауи жағдайда меңгеріп қана қоймай, екітілді және үштілді бағдарламалар бойынша да білім алатын болады. Қазақ тілі де әлемдік тілдермен қатар естіліп, жаһандық диалогтың бөлігіне айналуын қалаймыз. Сенімдімін, бұл корпус жастар үшін жаңа идеялар мен жетістіктердің, мүмкіндіктердің орталығы болады». Сонымен қатар ол, Tashenev University-дің стратегиялық даму жоспары студенттердің жайлы оқуына жағдай жасайтын материалдық-техникалық базаны және инфрақұрылымды нығайтуды қамтитынын атап өтті. 🔝 Қазіргі уақытта Шымкенттің жаңа шағынаудандарының бірінде заманауи оқу корпусын салу жұмыстары жоспарлануда. Бұл — инновациялық білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам. Университет студенттері жаңа ғимарат олар үшін «екінші үйге» айналып, тек білім алуға ғана емес, сондай-ақ ғылыми және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Әлем тілдері факультетінің студенті Айдана Кенжебаева өз әсерімен бөлісті: 💬«Бұл корпус біз үшін үлкен шабыт көзі. Мұнда тілдерді терең меңгеруге, араласуға және кәсіби тұрғыда өсуге барлық жағдай жасалған. Осындай заманауи мүмкіндіктердің Tashenev University-де қолға алынғанына мақтанамыз. Бұл бізге болашақта бәсекеге қабілетті маман болуға жол ашады деп сенемін».