
Мемлекет басшысының бастамасын жүйелі түрде іске асыруымыз қажет
2025-06-26
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАСТАМАСЫН ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ІСКЕ АСЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Жастар қай кезеңде болмасын қоғамның қозғаушы күші екендігі белгілі.Олардың саналы тәлім-тәрбие мен сапалы білім иесі болып шығуы мемлекеттің басты назарындағы мәселе. Тәрбиесі тұнық, ойы озық, білімді жастар өз заманының заңғар тұлғасына айналып, еліміздің жарқын болашағын қалаушылардың қатарын толықтыратыны анық. Сондықтан да бүгінгі күннің жастарын болашақты пайымдай алатын, жеке пікірін еркін әрі ашық жеткізе алатын, құқықтық, қаржылық және ақпараттық сауаттылығы қалыптасқан адал әрі жасампаз буын ретінде қалыптастыруымыз қажет.
Қазақстан Республикасы әлемдік аренада еңселі ел болып қалыптасуы үшін өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел ретінде танып, Конституцияның 1-ші бабында көрсеткен. Ол дегеніміз, еліміздің жарқын болашағын құру жолында әрбір азаматтың жеке пікірі, оның құқықтары мен бостандықтарының заңмен қорғалуы, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуі басты назарда екендігін білдіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыру жолында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұстанымы мен «Заң және тәртіп» идеологиясын алға тартып келеді. Бұл ұстаным мен идеологияның түпкі мақсаты – елімізді өркениетке жетелейтін, мемлекет алдында жанқиярлық әрі жасампаздық қабілетімен еңбегі бағаланатын «адал азаматтарды» тану, оларды өзгелерге үлгі тұту арқылы өз дәрежесінде дәріптеу, өскелең жастар арасында «адалдық психологиясын» қалыптастыру. Осы тұста халқымыздың: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деген даналығын еске алып, ар тазалығына жүгінеміз.
Президентіміздің Ұлттық Құрылтай отырыстарында ерекше тоқталғанындай, қоғамдағы әрбір азаматтың бойында адалдық ұстанымықалыптасқан жағдайда, құқыққа қайшы әрекеттер мен қылмыстық оқиғалар азаяды, азаматтардың жайлы өмір сүру деңгейі көтеріледі және жалпыға ортақ озық идеялар мен халықты әлеуметтік тұрғыда қорғайтын нақты шешімдер жүзеге асырылады. Азаматтардың ар және заң алдындағы адалдығы әділетті қоғамды қалыптастырады.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 23 маусымда еліміздің құқыққорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерген мәселелері әрбір қазақстандықтар үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені жастарды есірткі бизнесі, нашақорлық, синтетикалық темекі, лудомания сияқты жастықтың жалынымен (балалықпен) кіріп кететін қылмыстардан сақтау және сақтандыру тек қана құқыққорғау органдарының міндеті емес. Бала –әрбір ата-ананың көзінің нұры, жүрегінің жылуы, өмірінің мәні, жалғасы. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындардағы ортақ тәртіп пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін болса, әрбір ата-ана мен орта және жоғары білім беру ұйымдары балаға тура жолды көрсетуі тиіс. Жас буынға орта және жоғары білім беру ұйымдары мемлекет ұғымын, туған жердің, ата-ананың қадірін, білім беру ұйымдарының ішкі нормативтік тәртіптері мен жалпыға ортақ заңның негізгі талаптарын түсіндіруі қажет. Әрбір азаматтың конституциялық құқықтарының заң алдында теңдей қорғалуы үшін Заң үстемдігінің атқаратын қызметінен хабардар етуі тиіс.
Аталмыш алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы «Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет» деп ерекше тоқталды.«Тәрбие тал бесіктен» дегендей, өскелең жас буынды дер кезінде тәртіпке шақырып, олардың санасы мен жадына ізгілік пен адалдық ұстанымын сіңіретін болсақ, тура жолдан таймайтын белгілі тұлғалар болып қалыптасады деген сенімдеміз.
Заңның үстемдігі адам мен азаматтардың конституциялық құқықтарының заңмен қорғалуына кепілдік береді, сондай-ақ олардың адами қадір-қасиеті мен ар алдындағы тазалығының дұрыс бағалануына септігі тиеді. Адам мен азаматтардың ар және заң алдындағы тазалығы ең алдымен заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің жүйелі орындалуына, екіншіден мемлекет қабылданған заңдар мен құқықтық нормаларға деген халықтың сенімі мен құрметін қалыптастырады.
Президент бастамасының іске асырылып жатқан бір көрінісі ретінде Шымкент қаласындағы ЖОО қабырғасында мектеп оқушылары үшін өткізіліп жатқан «EduCamShym - 2025» жазғы лагерь жобасын айтуға болады. Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық Оқу басқармасы және қаладағы Жоғары оқу орындарының біріге ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 26 мамырында басталған жазғы лагерь жобасы мектеп оқушылары үшін үлкен мүмкіндіктер беруде. Мәселен, Жұмабек Тәшенев университетіне келген мектеп оқушылары университет тарихымен, оқу базасымен, профессор-оқытушылар құрамы және студент жастармен танысып қана қоймай, оларға белгілі заңгерлер мен қыржыгерлер және ІТ мамандары «Құқықтық сауаттылық», «Қаржылық сауаттылық», «Ақпараттық сауаттылық» дәрістерін жүргізіп, «Адал азамат» ұстанымдары мен жеке көзқарастарының қалыптасуына ықпал етуде.
Ғалымжан Битұрсын
«Ж.А.Тәшенев атындағы университет» АҚ
Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму
жөніндегі проректор, Ұлттық Заң
академиясының корреспондент-мүшесі