Тәшенев университетінде Президент Жолдауы талқыланды: жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттер
2026-11-13
2026 жылғы 13 қарашада Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» тақырыбындағы Жолдауы талқыланды.
Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми және қоғамдық қауымдастықтың, заң саласының өкілдері, сондай-ақ студент жастар қатысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған кездесуде елдің жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық даму басымдықтары талқыланды.
Кездесуге университеттің Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев модераторлық етті.
Ол өз сөзінде Президент Жолдауы елдің алдағы даму бағдарларын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Мемлекет дамуының жаңа кезеңінде білім мен ғылымның, заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершіліктің маңызы арта түседі. Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі», – деді Оңалбай Аяшев.
Алғашқы баяндаманы университет ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Рысбекова жасады. Ол Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген жоғары білім мен ғылымды дамытудың стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
«Бүгінде жоғары білім беру жүйесінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Университеттер мамандар даярлайтын ұйым ғана емес, жаңа идеялардың, ғылыми жаңалықтардың, технологиялық және қоғамдық өзгерістердің орталығы болуы керек. Сондықтан білім сапасын арттыру, ғылымды дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – негізгі басымдықтарымыздың бірі», – деді Жанар Рысбекова.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, «Құқық» кафедрасының профессоры Бекет Тұрғараев «Құқық үстемдігі мен “Заң және тәртіп” қағидаты – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында баяндама жасады.
«Әділетті қоғам құрудың басты шарты – заң үстемдігі және әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілігі. Заң барлығына бірдей болған жағдайда ғана қоғамда сенім, тәртіп пен тұрақтылық қалыптасады. Құқықтық мәдениет отбасынан, білім беру ұйымдарынан басталып, әр адамның күнделікті іс-әрекетінен көрінуі тиіс», – деді Бекет Тұрғараев.
Қазақстан халқы кеңесінің мүшесі, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, университеттің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Әбдез Иманқұлов «Жаңа қоғамдық этика: күнделікті өмірдегі конституциялық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады.
«Қоғамдық келісім мен бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуының аса маңызды негіздері. Конституциялық құндылықтар тек заңнамалық нормалар күйінде қалмай, әрбір азаматтың күнделікті ұстанымының бір бөлігіне айналуы керек. Өзара құрмет, жауапкершілік, төзімділік және ортақ мүддеге қызмет ету – біртұтас қоғамның негізгі белгілері», – деді Әбдез Иманқұлов.
Бағдарламада студент жастардың пікіріне де ерекше орын берілді. «Жаңа Қазақстан: жастар идеясы – ел болашағы» тақырыбы аясында 3-курс студенті, «Студенттік құрылтай» ұйымының төрағасы, студенттік ректор Айнұр Базарбай өз ойын ортаға салды.
«Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамдық өзгерістердің белсенді қатысушысы. Бізге берілген мүмкіндіктер мен алған білімімізді мемлекет игілігіне бағыттауымыз керек. Жастардың бастамаларын қолдап, олардың пікіріне назар аударылған жағдайда ғана жаңа идеялар нақты нәтижеге айналады», – деді Айнұр Базарбай.
Кездесу барысында қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру, білім мен ғылымды дамыту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық келісімді нығайту және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысында Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының, ғылыми қауымдастықтың және жас ұрпақтың ерекше жауапкершілігі атап өтілді.
Мұндай кездесулер Президент Жолдауының негізгі басымдықтарын терең түсінуге, қоғамдық диалогты дамытуға және ел болашағына бағытталған белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.









