Ж.А. ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЗИЯНДЫ БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН АҚПАРАТТЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ
background

Ж.А. ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЗИЯНДЫ БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН АҚПАРАТТЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

2026-10-21

Медиатека / Жаңалықтар / Ж.А. ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЗИЯНДЫ БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН АҚПАРАТТЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінен ашық сабақ өтті

Оқытушы: магистр, аға оқытушы Қуатбек Нұрислам Бақтынасырұлы
Тақырыбы: «Зиянды бағдарламалар. Ақпаратты қорғау шаралары мен құралдары»

2026 жылғы 21 қазан күні магистр, аға оқытушы Қуатбек Нұрислам Бақтынасырұлы 4201-25к10, 4201-25к11, 4201-25к12 топтарының студенттеріне «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні бойынша «Зиянды бағдарламалар. Ақпаратты қорғау шаралары мен құралдары» тақырыбында ашық дәріс өткізді.

Аталған сабақтың мақсаты – студенттерге зиянды бағдарламалар туралы негізгі түсінік беру, олардың түрлерін, таралу жолдарын және ақпараттық жүйелерге тигізетін зиянын түсіндіру болды. Сонымен қатар студенттерді ақпаратты қорғаудың ұйымдастырушылық, бағдарламалық және техникалық шараларымен таныстыру, антивирустық бағдарламаларды дұрыс пайдалану және интернет желісінде қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру көзделді.Сабақ барысында компьютерлік вирустар, құрттар, трояндық, шпиондық, жарнамалық және бопсалаушы бағдарламалардың ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды. Зиянды бағдарламалардың электрондық хаттар, жалған сайттар, күмәнді сілтемелер, тексерілмеген бағдарламалар мен сыртқы жинақтағыштар арқылы таралу жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ фишинг пен әлеуметтік инженерия белгілері, сенімді құпиясөз құру, екі факторлы аутентификацияны пайдалану, деректердің резервтік көшірмесін жасау және антивирустық бағдарламаларды қолдану ережелері талқыланды.

Дәріс презентациялық, ақпараттық және интерактивті форматта өткізіліп, заманауи оқыту әдістері қолданылды. Студенттер топтық жұмыстар орындап, ақпараттық қауіпсіздікке байланысты практикалық жағдаяттарды талдады және қауіп туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын ұсынды. Сабақ соңында онлайн платформа арқылы студенттердің тақырыпты меңгеру деңгейі тексерілді.Ашық сабақ жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қойылған мақсаттарға толықтай қол жеткізілді. Сабақ мазмұны студенттердің ақпараттық қауіптерді анықтау, зиянды бағдарламалардың түрлерін ажырату және жеке әрі оқу ақпаратын қорғау бойынша дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етті.