БІР ҚАТЕ БАСУ — БІР СӘТТЕ ДЕРЕКТЕРІҢІЗДЕН АЙЫРУЫ МҮМКІН: TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТАЛҚЫЛАНДЫ
background

БІР ҚАТЕ БАСУ — БІР СӘТТЕ ДЕРЕКТЕРІҢІЗДЕН АЙЫРУЫ МҮМКІН: TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026-09-11

Медиатека / Жаңалықтар / БІР ҚАТЕ БАСУ — БІР СӘТТЕ ДЕРЕКТЕРІҢІЗДЕН АЙЫРУЫ МҮМКІН: TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТАЛҚЫЛАНДЫ

БІР ҚАТЕ БАСУ — БІР СӘТТЕ ДЕРЕКТЕРІҢІЗДЕН АЙЫРУЫ МҮМКІН: TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТАЛҚЫЛАНДЫ
Tashenev University-де бірінші курс студенттерінің қатысуымен киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық мәселелеріне арналған ақпараттық кездесу өтті.
Кездесуге Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Абуталипұлы Кемелов, Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, полиция капитандары Бахытжан Тұрсынбайұлы Бекбаев пен Ердәулет Қанатұлы Ералиев қатысты. Кездесуді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Нұрай Жақабай жүргізді.
Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов жастардың цифрлық сауаттылығы қазіргі қоғамдағы жеке қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Бүгінде цифрлық сауаттылық — тек технологияны пайдалана білу емес, ең алдымен өз деректеріңді қорғай білу. Бір күмәнді сілтеме, біреуге берілген SMS-код немесе расталмаған қосымшаға енгізілген жеке мәлімет адамды алаяқтардың құрбанына айналдыруы мүмкін. Сондықтан әрбір жас цифрлық ортада сақтық пен жауапкершілікті күнделікті әдетке айналдыруы қажет», — деді Мұхит Кемелов.
Полиция капитандары Бахытжан Бекбаев пен Ердәулет Ералиев студенттерге интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың кең тараған тәсілдері туралы айтып, жалған қоңыраулар мен хабарламаларды ажырату, фишингтік сілтемелерді ашпау, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу жөнінде нақты ұсынымдар берді. Сондай-ақ жастарға «жеңіл табыс» ұсынатын күмәнді схемалар мен дропперлікке тарту әрекеттерінен сақ болу қажеттігі түсіндірілді.
Модератор Нұрай Жақабай студенттердің, әсіресе жаңа ортаға қадам басқан бірінші курс білім алушыларының құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру университеттегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу барысында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайларда алаяқтық әрекетке тап болған кезде қайда жүгіну және қандай қадамдар жасау қажет екені жөнінде ақпарат алды.