Тәшенев университеті және Қытай-ШЫҰ: халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңі
background

Тәшенев университеті және Қытай-ШЫҰ: халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңі

2026-06-18

Медиатека / Жаңалықтар / Тәшенев университеті және Қытай-ШЫҰ: халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңі

2026 жылғы 11 маусымда Тәшенев университетінің проректоры Жанар Қасымбекқызы Рысбекованың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында «Қытай–ШЫҰ» кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастық орталығы шеңберінде Тяньцзинь кәсіби-техникалық педагогикалық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған келісім Тәшенев университетінің халықаралық қызметін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Қытайдың жоғары білім беру жүйесі әлемдегі ең бәсекеге қабілетті және халықаралық әріптестерді таңдауда жоғары талаптар қоятын жүйелердің бірі саналады. Осыған байланысты Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты және нәтижелі ынтымақтастық орнату университеттің халықаралық байланыстарды кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі болып табылады.

«Қытай-ШЫҰ» ынтымақтастық орталығы аясындағы серіктестік университеттің студенттері, оқытушылары мен зерттеушілері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеушілердің академиялық алмасуын жүзеге асыруға, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге және іске асыруға, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға, сондай-ақ симпозиумдар, семинарлар және ғылыми конференциялар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар академиялық ақпаратпен, ғылыми жарияланымдармен және зерттеу материалдарымен алмасуды жүзеге асыратын болады.

Қол қойылған меморандум Тәшенев университетінің халықаралық білім беру және ғылыми кеңістіктегі беделін одан әрі нығайтып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттері желісі аясында бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыру үшін берік негіз қалыптастырады.